mobile menu Меню
Рубрики новостей

Қазақ эстрадасының жас жұлдызы print

07.09.2015 242 просмотра

Дарынды әнші Қайрат Баекенов және «Формат» тобының тың ізденістері жөнінде, толығырақ Наш Костанай сайтында.

БІРДЕН НАЗАРҒА ІЛІНДІ

Қазақ халқы ежелден ән-жыр, күй десе дүниенің бәрін ұмытып, елең ете қалатындығы белгілі. Тойымыз да, қуанышымыз да өйткені өнерсіз өтпейді. Талғампаз қауым әрбір жаңа әнді жыл құсындай асыға күтіп отырады. Жасыратын ештеңесі жоқ, соңғы жылдары әншілер де, әндер де жеткілікті.

Қазақ эстрадасы ұлтымыздың жас жігіттері және қыздарымен де толыға түсуде. Олардың орындау мәнері де, мәтінінің мазмұны да өзгеше. Жаңа леп, жаңа ізденіс байқалады.

Осындай жас дарындардың бірі – Қайрат Баекенов десем, қателесе қоймас едім. Ол 1977 жылы мамырда Жезқазған шаһарына жақын орналасқан Қарағанды облысына қарасты Сәтпаев қаласында дүниеге келді. Бұл шаһарды мен бір кісідей білемін.

Өйткені, сонау 1982 жылы бұрынғы Жезқазған облысының Жезді аудандық газетінде мәдениет бөлімінің меңгерушісі болып қызмет атқардым. Сонда осы қала арқылы өтетінбіз. Бұл күндері аталмыш өңір көркейіп, өндіріс орындары нығайып келеді.

Онда біздің қаракөз қандас­тарымыз да аз емес. Көбісі осы салада жұмыс істейді. Шаһардың әлеуметтік жағдайы да өркендегені байқалады. Қысқасы, мұндағы бауырларымыздың бәрі де өнер десе, ішкен астарын жерге қояды.

Қайрат ініміздің әкесі кенші болып жұмыс істейді. Бұл өте қадірлі мамандық. Сондықтан да жұртшылық мұндай кәсіп иелеріне ерекше құрметпен қарайды. Анасы болса, сауда саласында қызмет атқарады. Өз жұмысына тиянақты қарайтын ерлі-зайыптылар мұндағылардың сыйлы адамдары болып табылады.

Баекеновтер әулетін жерлестері өнер қонған шаңырақ деп босқа айтпайды. Өйткені, олай деуге толық негіз де бар секілді. Қайрат бала кезінен ата-анасына еліктеп өсті. Солардай болсам деп армандады. Шешесі кәдімгі қазақтың қара домбырасында еркін ойнап, ұлтымыздың ежелден келе жатқан құдіретті күйлерін жоғары бағалайтын.

Сөйтіп, ол анасынан ұлттық аспабымызды кішкентай кезінен бастап тартуды үйренді. Қос ішекті домбыра бүлдіршінді өзінің ерекше сиқырымен баурап алушы еді. Анасының жанында отырып, жалықпай үйренді. Сонымен қатар өзінің құлаққа жағымды әдемі дауысы болғандықтан оны да үнемі шыңдады.

Мектеп оқушысының бойындағы талант ұшқынын ұстаздары мен бірге оқыған ұл мен қыздар да дер кезінде көре білді. Білім ордасының басшылығы оның дарынын ұштауға мүмкіндік жасады. Мектеп ішіндегі барлық түрлі мерекелер кішкентай Қайраттың орындауындағы әндерсіз өтпейтін.

Білім ордасындағы жас әншінің бұл талпынысына мектептегілермен қатар ата-анасы да шексіз қуанды. Өнер қолдаусыз болмайды. Ол қашан да демеушіге зәру. Сондықтан да балаларының қанаттарының қатаюына әке-шешесі барын салды.
 
ҚАНАТ ҰШСА ҚАТАЯДЫ

Мектеп қабырғасында жүріп, өзінің дарынымен көзге түскен Қайрат Баекеновтің болашақта елімізге танымал эстраданың жарық жұлдызы болатындығына білім ордасының ұжымы риясыз сенді. Ата-анасы да мұның келешегінен үлкен үміт күтті.

Содан 1992 жылы бозбала Жезқазған музыкалық колледжіне студент болып қабылданды. Мұнда ол домбыра класы бойынша дәріс алды. Осылайша жас жігіттің кешегі асыл арманы орындалды. Осындағы білікті ұстаздардың арқасында және өзінің тынымсыз ұмтылысының нәтижесінде өнер саласындағы талпыныстары өзінің алғашқы жемісін бере бастады.

Бұл 1999 жыл еді. Ол республикалық «Жас қанат» байқауына қатысып, жарқырап көзге түсті. Әділқазылар да жезқазғандық жас жігіттің қабілетін жоғары бағалады. Қаншама замандастарының арасынан дипломат атану да бұл кезде үлкен жетістік - ті.

Аталмыш байқауда ол сазгер ретінде дараланды. Дәл сол жылы тағы да халықаралық «Шабыт» өнер додасында көзге түсті. Мұнда жүлделі үшінші орынды жеңіп алды. Қаладағы білікті мамандар Қайраттың еңбекқорлығын, бойындағы талантын көріп, оны елордамыз Астанаға қызметке шақырды.

Бұл жас жігіт үшін күтпеген жаңалық - ты. Астананың аты Астана. Мұнда қабілетті жасқа даңғыл жол ашылатындығына көзі айқын жетті. Сонымен қатар шағын қаладан келген бозбала адал еңбек пен төгілген маңдай тер қашан да ақталатындығына нық сенімді еді.

Елордаға келген соң көпшілікке таныс «Бәйтерек» тобымен тығыз шығармашылық байланыста болды. Бұл шақта ол композитор әрі әнді өңдеуші ретінде іске кіріскен - ді. Содан бірте-бірте оның туындылары мен орындаған әндері талғампаз жұртшылықтың көңілінен шығып, есімі назарға іліне бастады.

2007 жыл бұл үшін шығармашылық жағынан өсіп-өркендеу кезеңі болды деп айтқанымыз дұрыс болар. Өйткені, «Қайрат Баекенов – ол мен» деген атпен өзінің концертін көпшілікке ұсынды. Онда астаналық ағайындарға өзі өткен жылдарда жазған ең таңдаулы әрі жүректерді қозғайтын, сезімге толы туындыларын орындады.

Содан кейін Қайраттың бойына тың күш біткендей сезінді. Оның алдында осы еліміздің бас қаласында «Формат» деп аталатын топ құрылған еді. Оның тұсаукесері «Арбат» деп аталатын клубта мамыр айында өтті. Топтың құрамында – түрлі аспапта ойнайтын Андрей Приль, Ербол Тасмамбетов, Виталий Юрчук, Ольга Джулдиева және әнші Гүлсім Мырзабекова болды.

Ал Қайрат Баекеновтің өзі топтың жетекшісі болумен қатар композитор әрі әнші ретінде де өнерсүйер қауымның көңілінен шықты. Олар тіпті Елбасының алдында да ән айтты. Басқа да халықаралық, республикалық деңгейдегі басқосуларда және салтанаттарда өнерлерін көрсетті.

Бұл күндері олардың орындауындағы «Махаббат», «Телефон», «Сен», «Болмасын кеш», «Қайран күндер-ай», «Сағыныш», «Қыздар мен жігіттер» секілді әндер хитке айналды.

В избранное
Нравится





Поделиться
Теги данной новости

Комментарии

Для того чтобы оставить комментарий, Вам необходимо авторизироваться.


Комментариев пока нет.

полезные номера
Самое интересное, топ 5
день неделя месяц

Рассылка событий

Будь в курсе последних событий.
Новости “ИА ”ТоболИнфо”

Календарь новостей