Қостанайда кесілген байланыс кабельдері қайта тартылды. Ол әрекетке «Алма ТВ» филиалының директоры Сергей Александрович түсініктеме берді
Бұған дейін “ТоболИнфо” редакциясы Қайырбеков көшесінің тұрғындары үйлеріне тартылған «Алма ТВ» кабельдерінің кесілгеніне шағымданғаны туралы жазған болатын. Жарияланымнан кейін компанияның Қостанай филиалының директоры хабарласып, жағдайға түсініктеме берді.
Оның айтуынша, 2023 жылдан бастап әкімдік қаланың орталық көшелеріндегі коммуналдық тіректерге ілінген кабельдерді алып тастауды талап еткен. 2023–2025 жылдары компания Абай, Әл-Фараби, Қайырбеков және Баймағамбетов көшелеріндегі желілерін алып, бір бөлігін «Қазақтелекомның» кабельдік кәріз жүйесіне көшірген.
Алайда компания өкілі жеке секторда бұл тәсілді қолдану қиын екенін айтады. “Алма ТВ” өз тіректері жоқ, ал коммуналдық тіректерді жалға алуға рұқсат жоқ.
— Біз коммуналдық тіректерді жалға алу мүмкіндігін сұрап, әкімдікке ресми хат жаздық. Бірақ рұқсат берілмеді. «Барлығын кабельдік кәрізге көшіріңдер» дейді. Ал жеке секторда бұл әрдайым мүмкін емес, — дейді Сергей Александрович.
Әзірге кесілген кабельдерді компания қайтадан рұқсатсыз коммуналдық тіректерге ілуге мәжбүр. Филиал директоры мұндай мәселе басқа байланыс операторларына да қатысты екенін айтып, инфрақұрылымға қол жеткізуді шектеу тұрғындардың оператор таңдау мүмкіндігіне әсер етуі ықтимал екенін атап өтті.
Редакция Қостанай қаласы әкімдігінің де түсініктемесін күтеді. Жеке сектордағы кабельдерді алып тастауға қатысты қандай талаптар қойылғаны және операторларға қандай балама ұсынылатыны әзірге белгісіз.
Ұлту ЖҮЗБАЙ
Суреттер автордікі
