Қасқыр шабуылынан жарақат алған Марат Құттыбаев Ақкөл ауылының әкімі Балғабай Қалиевтің оқиғадан кейінгі әрекетіне көңілі толмайтынын айтып, аудандық ауруханаға жеткізетін көлік табуға көмектеспегеніне шағымданған еді
Осыған байланысты ауыл әкімі Балғабай Қалиев “ТоболИнфо” редакциясына ресми жауап жолдады.
Төменде әкімдіктің жауабын қаз-қалпында ұсынамыз:
«2026 жылғы 22 қараша күні Ақкөл ауылында орын алған оқиғаға байланысты әлеуметтік желілерде және ақпарат құралдарында жарияланған пікірлерге орай төмендегіні хабарлаймыз.
Аталған оқиға кезінде тұрғынға медициналық көмек көрсету мәселесі бойынша бірқатар түсінбеушілік туындағаны белгілі. Жағдайға қатысты мәліметтерге сәйкес, Ақкөл ауылының жедел жәрдем көлігі техникалық ақауына байланысты оқиға орнына шыға алмады. Атап айтқанда, көлік жүргізушісі алдыңғы көпірінде (передний мост) ақау барын ескертті.
Осы себепті Ахмет Байтұрсынұлы ауылының жедел жәрдем көлігі шақыртуға жедел ден қойып, зардап шеккен азаматты аудандық ауруханаға уақытылы жеткізді. Өз ісіне жауапкершілікпен қарап, азаматтық міндетін абыроймен атқарған медицина қызметкерлері мен жүргізушіге алғысымды білдіремін.
Ауыл тұрғындарының қауіпсіздігі – жергілікті атқарушы орган жұмысының басты басымдығы. Сондықтан орын алған жағдайдан тиісті қорытынды шығарып, алдағы уақытта осындай оқиғалардың алдын алу, қызметтік көліктердің техникалық дайындығы мен шұғыл әрекет ету мәселелеріне назар аудару қажет деп санаймын.
Сын-пікір – жұмысты жетілдіруге мүмкіндік беретін кері байланыс. Кез келген мәселені талқылағанда өзара құрмет пен сабыр сақтап, жеке айыптаудан гөрі нақты шешімге басымдық бергеніміз жөн».
