Бұрынғы мемлекеттік қызметші, бүгінде кәсіпкер әрі жас саясаткер

Қостанайлық Мирас Адамбаев облыстық мәслихатқа не үшін сайланбақ?

Оның өмір жолы – жаңа бастамаларға ұмтылу, түрлі жобаларды, соның ішінде қайырымдылық бастамаларын жүзеге асыру және туған қаласын жақсы жаққа өзгертуге деген талпыныс.

Мирас Адамбаев – «Қазақстан Халық партиясынан» № 3 бірмандатты сайлау округі бойынша Қостанай облыстық мәслихатының депутаттығына кандидат. Ол 36 жаста. Мирас Горький атындағы гимназияны бітіріп, А. Байтұрсынұлы атындағы ҚРУ-да заңгер мамандығы бойынша білім алған. Студенттік жылдары дебат клубының жұмысына белсенді қатысқан. Кейін бірнеше жылын мемлекеттік қызметке арнады. Сұхбаттасушымыздың айтуынша, бұл тәжірибе оны шыңдап, өмірінің жаңа кезеңіне жол ашқан.

МАҢЫЗДЫ МЕКТЕП

Мирас Адамбаевтың айтуынша, саясатқа келуі кездейсоқ емес. Қоғамдық қызметке деген қызығушылығы мектеп қабырғасында жүргенде, дебат клубына қосылған кезден басталған. Өз пікірін қорғау, дәлел келтіру және қарсыласты тыңдай білу өнері Мирасты баурап алғаны соншалық, ол университетте де дебатпен айналысуын жалғастырып, нәтижесінде ел чемпионы атанған. Заң факультетін бітіргеннен кейін мемлекеттік қызметке орналасады. Одан кейінгі бес жыл бойы оның өмірі сот жүйесімен байланысты болды.

– Еңбек жолымды облыстық соттың маманы болып бастадым. Кейін Сарыкөл аудандық сотында кеңсе меңгерушісі қызметін атқардым. Облыстық сотқа қайта оралған соң ақпараттық қамтамасыз ету бөлімін басқардым және баспасөз хатшысы болдым. Сонымен қатар ұйымдастыру-талдау жұмыстарымен, қылмыстық және әкімшілік істер бойынша сот статистикасымен айналыстым, – деп еске алады Мирас Адамбаев.

Депутаттыққа кандидат бұл кезеңді маңызды өмір мектебі деп санайды. Ол жас мамандарға еңбек жолының басында мемлекеттік қызметтен қашпауға кеңес береді. Өйткені дәл осы жерде жүйенің ішкі жұмысымен, өтініштерді қарау тәртібімен, сот істерінің әртүрлі сатыларда қалай қаралатынымен және ұжым жұмысының қалай ұйымдастырылатынымен танысуға болады.

– Мемлекеттік қызметте жауапкершілік жоғары болғанымен, жалақысы да соған сай жоғары деп айта алмаймын. Бірақ бұл жұмыс болашаққа шыңдайды. Кейін ұжыммен жұмыс істеуге және түрлі процестерді ұйымдастыруға көмектескен негізгі дағдыларды дәл сол жерде қалыптастырдым, – дейді Мирас Адамбаев.

ӨЗ ІСІ ЖӘНЕ ОНЫҢ БАСТЫ ҚАҒИДАТТАРЫ

Мирастың бүгінгі достарының басым бөлігі – мектеп пен студенттік шақтан бірге келе жатқан жолдастары. Бір қызығы, ол кәсіпкерлік жолын да мектептегі досы әрі курстасы Илья Байгабуловпен бірге бастаған.

– Ол кезде Илья Мәскеуде тұратын. Бірде Қостанайда төрт жастан асқан балаларға арналған жеке футбол мектебін ашуды ұсынды. Ол уақытта мұндай идея Мәскеудің өзінде де салыстырмалы түрде жаңа болатын: осындай академиялар енді ғана танымал бола бастаған еді, – дейді Мирас Адамбаев.

Осылайша Қостанайда «Derby» балалар футбол академиясы ашылды. Жақында команда жобаның он жылдығын атап өтті. Сұхбаттасушымыздың айтуынша, бүгінде бұл – солтүстік өңірдегі ең ірі жекеменшік футбол мектептерінің бірі. Академия тәрбиеленушілері кейін футбол орталықтары мен балалар-жасөспірімдер спорт мектептеріне ауысады.

– Жобаның алғашқы кезеңінде қазіргі «Тобол» футбол орталығының басшысы Сергей Иванович Масленов үлкен рөл атқарды. Ол жас спортшыларды тәрбиелеудің негізі мен қағидаттарын қалыптастырды. Біз алдымызға тым үлкен міндеттер қоймаймыз. Біздің мақсатымыз – мүмкіндігінше көп баланың жарыс рухын сезініп, жеңілістен кейін де берілмеуді үйренуі, – дейді ол.

Сұхбаттасушымыздың өзі де жеті жастан он бес жасқа дейін спортпен айналысқан. Сондықтан жаттығудың мінез қалыптастырудағы маңызын жақсы түсінеді. Спорт тәртіп пен шыдамдылыққа үйретеді, сонымен қатар нәтижеге өздігінен қол жеткізілмейтінін ұғындырады.

Мирас Адамбаев ұжым алдындағы жауапкершілікке де ерекше тоқталады. Оның айтуынша, футбол мектебі жұмыс істеген он жыл ішінде жаттықтырушылардың жалақысы бірде-бір рет кешіктірілмеген. Ол үшін бұл – жұмыс берушінің міндеті ғана емес, көп жыл бойы қалыптастырған жеке беделінің де мәселесі.

– Ұжымымның жақсы болғанына өте қуаныштымын. Педагогтеріміздің көңілін қалдырған емеспіз деп есептеймін. Адамдар алдындағы жауапкершілік мен үшін әрдайым маңызды, – дейді депутаттыққа кандидат.

ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ- ӨМІРЛІК ҰСТАНЫМ

Кейіпкеріміздің өмірінде бұрыннан маңызды орын алатын тағы бір бағыт – адамдарға көмектесу. Оның айтуынша, қайырымдылыққа деген қызығушылығы партиялық жұмысқа араласпай тұрып-ақ пайда болған.

– Шамамен 2013 жылы үйде картоп пен котлет дайындап, көмекке мұқтаж адамдарға түскі ас таратып бергім келді. Бұған дейін үйсіз адамдарды кездестірген жерлерге барып іздедім, бірақ сол күні ешкімді жолықтыра алмадым. Дайын тамақты ақырында бейімдеу орталығына апарып бердім, – деп еске алады Мирас Адамбаев.

Оның айтуынша, осы оқиға көмек көрсетудің бір реттік әрекетпен шектелмей, жүйелі түрде жүзеге асуы мүмкін екені туралы ойлануға түрткі болған. Кейін жұбайы Ольга Адамбаева Санкт-Петербургтегі қайырымдылық жобаларының біріне назар аударған. Қостанайдағы коммерциялық емес ұйымдардың өкілдерімен бірлесіп, Ольга мен Мирас осындай бастаманы өз қаласында іске қоса алды. Осылайша қостанайлықтарға жақсы таныс, бүгінде он бір жылға жуық жұмыс істеп келе жатқан «Хэлпер» жобасы дүниеге келді.

Қазір Мирас Адамбаев «+1» жобасына қызығушылық танытып жүр. Оның аясында компьютерлік техника жиналып, жөнделеді және ауыл балаларына беріледі. Сұхбаттасушымыз бұл бастаманы Қостанай облысында іске қосу мүмкіндігін талқылауды жоспарлап отыр.

Тағы бір идеясы – «Хэлпер» жобасы аясындағы көмекті кеңейтіп, мұқтаж жандарға киіммен қатар тұрмыстық техниканы да жинап, тарату.

ДЕНЕГЕ ДЕ, МИҒА ДА ЖАТТЫҒУ

Дегенмен депутаттыққа кандидат өз өмірін тек жұмыс пен қоғамдық қызмет арқылы ғана елестетпейді. Оның сүйікті істерінің қатарында шахмат пен футбол бар.

Мирас шахматқа алғашқы сәтсіз турнирінен кейін араға жиырма жылға жуық уақыт салып қайта оралған. Ол кезде шамамен он жаста болған. Алғашқы кезеңде жеңіліп, шахматпен айналысуды тоқтатқанымен, сол оқиға есінде ұзақ сақталған.

– Қолды бір сілтегің келген кезде, сол алғашқы шахмат турнирімді еске аламын. Бұрынғы қателікті қайталамауға тырысамын, – дейді Мирас Адамбаев.

Қазір кейіпкеріміз күн сайын онлайн форматта бірнеше қысқа партия ойнауға уақыт табуға тырысады. Футбол да оның күн тәртібінен түскен емес: сейсенбі және бейсенбі күндері Мирас әуесқой командасымен бірге алаңға шығады.

ДЕПУТАТТЫҚ – ҚОҒАМҒА ҚЫЗМЕТ ЕТУДІҢ ЖАҢА КЕЗЕҢІ

Мирас саяси қызметке сол кездегі «Нұр Отан» партиясының «Жас Отан» жастар қанаты арқылы келген. Еңбек жолының алғашқы жылдарында қалалық және облыстық мәслихат депутаттығына кандидаттардың кездесулерін ұйымдастыруға көмектескен. Кейін сайлау науқандарына қатысып, үгіт материалдарын таратушы, байқаушы болып жұмыс істеген, штабтарды басқарған, кандидаттардың мүддесін қорғаған. Ал қазіргі сайлау – оның кандидат ретінде қатысып отырған алғашқы науқаны.

Оның айтуынша, партия жұмысының тәжірибелік жағы да бар: азаматтарға шағыммен қайда жүгінуге болатынын, электрондық сервистер арқылы өтінішті қалай жолдау керектігін түсіндіреді. Филиал азаматтардың соттағы мүддесін қорғамайды, бірақ әрекет ету тәртібін түсіндіріп, қажетті мамандарға бағыттай алады.

– Сенімді талап ете алмайсың. Оған тек лайық болу керек, – деп есептейді ол.

Кейіпкеріміз өз міндеттерінің бірі ретінде әртүрлі буын өкілдерінің арасындағы байланысты нығайтуды да көреді. Оның пікірінше, өзімен шамалас жастағы адамдар жастарды да, аға буынды да түсіне алады. Демек, олардың идеялары мен мәселелерін мемлекетке жеткізуге көмектесе алады. Адамбаев Қазақстан Халық партиясының халық табысын арттыру, лайықты еңбекақы төлеу және мемлекет қолдауына мұқтаж азаматтарды – көпбалалы отбасыларды, зейнеткерлерді, өз құқықтарын өз бетінше қорғай алмайтын адамдарды қолдау сияқты қағидаттарын өзіне жақын санайды.

ДЕПУТАТ БОЛСА…

Егер Мирас Адамбаев облыстық мәслихат депутатының мандатын иеленсе, жұмысының негізгі бағыттарының бірі балалар спортын дамыту болмақ. Ол қолданыстағы спорт мектептерін қолдап қана қоймай, жаңа жабық спорт кешендерінің салынуына да ықпал еткісі келеді.

Жылдың басым бөлігінде күн суық болатын солтүстік өңір үшін ашық спорт алаңдары жаттығулардың қолжетімділігі мәселесін толық шеше алмайды. Адамбаев құрылысқа инвесторларды тартуды және металл конструкциялардан жасалған ангарлардан бастап, үрлемелі күмбезі бар нысандарға дейінгі түрлі нұсқаларды қарастыруды ұсынады. Оның пікірінше, мұндай нысандар мемлекеттік секциялармен қатар жекеменшік спорт мектептеріне де қажет болуы мүмкін. Дұрыс ұйымдастырылған жағдайда кешендер жалға беру және тұрақты келушілер есебінен өзін-өзі ақтай алады.

Кандидат көтеруді жоспарлап отырған тағы бір мәселе – дербес деректерді қорғау және алаяқтыққа қарсы күрес. Ол облыстық партия филиалы жанынан қолдау орталығын ұйымдастырып, онда қарт адамдар мен халықтың басқа да осал топтарына кеңес беруді көздейді. Оны әсіресе алаяқтардың азаматтар туралы мәліметтерді – тұрғылықты мекенжайларды, банк шоттары туралы ақпаратты және басқа да жеке деректерді қайдан алатыны қызықтырады. Адамбаев дербес деректердің сақталуына жауапкершілікті күшейту қажет деп санайды.

Қостанай тұрғыны ретінде оны алаңдататын мәселелердің қатарында аулалардың қауіпсіздігі де бар. Ол аулаларды жарықтандыру, абаттандыру, балалар алаңдарын салу және аула ішіндегі жолдарға жасанды кедергілер орнату мәселелерін көтереді. Оның пікірінше, тұрғындар көлік жүргізушілері жылдамдықты шамадан тыс асыратын аулалар туралы өтініштер жинап, тиісті органдарға жолдай алады. Ал депутаттық корпус жергілікті атқарушы органдармен және полициямен өзара байланыс орнатуға көмектесуі керек. Бұл мәселе ол үшін жай ғана теория емес. Бұрын тұрған ауласында бірнеше жасанды жол кедергісі орнатылып, көлік қозғалысының қауіпсіздігіне қатысты мәселе шешілген. Қазір Мирас кіріп-шығатын ауласы бар үйде тұрады. Оның пікірінше, арнайы кедергілер төтенше қызмет көліктерінің кіруіне шектеу қоятын шлагбаумдарға балама бола алады.

– Менің ойымша, уәде берудің орнына адамдарға қажетті ақпарат ұсынып, оны үйлестіру және мықты азаматтық қоғам құруға шақыру керек. Бірлесе әрекет етсек, әлдеқайда көп нәрсеге қол жеткізе алатынымызды іс жүзінде көрсетеміз, – деп түйіндеді Мирас Адамбаев.

Республикалық бюджет қаражаты есебінен төленді

Предыдущая запись
Следующая запись

НАШИ ПРОЕКТЫ

Edit Template

Информационное агентство "ТоболИнфо"

Копирование и перепечатка материалов ограничена. 

Контакты редакции

Адрес редакции:
110000 г. Костанай,

пр. Аль-Фараби, 90

Телефон/факс 
+7 7142 54 62 46

+7 701 031 7231 (только WhatsApp)

Email: tobol.info.kz@gmail.com

Яндекс.Метрика

Партнеры

90427138_825661671272824_9056575525920702464_n

© 2026 все права на сайт защищены.