Біздің редакциямызға Қостанай тұрғыны Сейілхан Карбаев хабарласып, хабарсыз кеткен туған інісі 1966 жылы туылған Жұмағазы Карбаевты іздеуге көмек сұрады
Ол інісін жиырма жылға жуық уақыттан бері іздеп жүр. Айтуынша, бауырын соңғы рет 2002 жылы ауылда әкелерінің қырқына келген кезде көрген. Кейін Жұмағазының Қостанайда жүргенін таныстары арқылы естіп отырған. Туыстарының бірі оның мінез-құлқындағы өзгерісті байқағанын, есін жоғалтуы мүмкін деген күдіктерін жеткізген. 2007 жылдан бастап інісін іздеуге кіріскен қария түрлі мекемелерге жүгініп, інісінің жүрген жерін анықтауға тырысқан. Алайда нақты нәтиже жоқ, дейді шағымданушы.

— Мен 2007 жылдан бері інімді іздеп жүрмін. Үнемі қалалық полицияға, Оңтүстік полиция бөліміне арыз жазып жүрдім. Екі айдан кейін хабарласып, “іздедік, нәтиже болмады” деп жауап беретін. 2011 жылдан бастап арызымды ІІМ-нің компьютерлік базасына ресми түрде тіркеп, іздеп жатқанын айтты. “Сіз уайымдамаңыз, одан қандай да бір хабар болса, компьютерден шығады, біз сізге айтамыз” деді. Бірақ олай болмады, – дейді Сейілхан Карбаев.
Кейін оған інісі Жұмағазының Алматыда жүргені туралы ақпарат жеткен. Сөзінше, інісінің Алматыдағы №25 емханада 2013 және 2018 жылдары болғаны жөнінде мәлімет бар. Алайда бұл деректер бойынша да нақты нәтиже шықпағанына күйінеді ол.

Қолындағы мәліметтерді еріктілерге де беріпті. Кейін ақпаратты Қостанай қаласының полициясына, криминалдық полицияға тапсырған. Алматыдағы Алатау ауданының криминалдық полиция бөліміне де сұрау жіберілгенін естігенімен, нақты нәтиже жоқ.
Іздеу барысында әлеуметтік желі арқылы күтпеген ақпарат алған. Яғни TikTok желісінде бейтаныс адам оған «ініңізді іздемеңіз, ол 2020 жылы қайтыс болған» деп хабарлапты. Алайда бұл ақпараттың рас-өтірігін анықтауға мүмкіндік жоқ. Хабарлаушы одан кейін байланысқа шықпапты.
Қостанай облысының полиция департаменті ресми жауабында іздестіру ісінің жүргізіліп жатқанын хабарлады. Ресми жауапқа сәйкес, 2025 жылғы 13 қарашада Қостанай қаласы Полиция басқармасының көші-қон қызметі бөліміне Сейілхан Карбаев туған інісі Жұмағазы Нәбиевич Карбаевтың орналасқан жерін анықтау туралы өтінішпен жүгінген. Осыған байланысты туыстық байланыстың жоғалуына қатысты іздестіру ісі қозғалған. Іздестіру ісі қозғалғаннан бері көші-қон қызметінің қызметкерлері Жұмағазы Карбаевтың жүрген жерін анықтау бойынша тиісті жұмыстар жүргізіп жатқанын айтады.
— Іздестіру іс-шаралары барысында туысы тарапынан Карбаев Ж.Н.-ның болуы мүмкін жері, оның ішінде аталған азаматтың болуы ықтимал орындары туралы бірнеше рет ұсынылған ақпарат назарға алынып, көші-қон қызметі бөлімінің қызметкерлерімен тексерілді, – дейді полиция өз жауабында.
Сондай-ақ оның жүрген жерін анықтау үшін Алматы қаласының мемлекеттік органдарына, ұйымдары мен өзге де мекемелеріне тиісті сұрау салулар жолданған. Қолда бар есептер бойынша тексеру жүргізіліп, туыстық байланыстар анықталып, арнайы схема жасалған.
Полиция сонымен бірге Жұмағазы Карбаевтың қайтыс болғаны туралы мәліметтердің бар-жоғын тексеру үшін Алматы қаласының №25 қалалық емханасына және Қалалық патологиялық-анатомиялық бюроға сұрау салынғанын хабарлады. Алайда қазіргі уақытта Жұмағазы Карбаевтың жай-күйі белгісіз.
— Карбаев Ж.Н.-ның жүрген жерін анықтау бойынша жұмыс заңнамада белгіленген тәртіппен жалғасуда, – делінген ресми жауапта.
Шағымданушы қария Сейілхан Карбаев туған бауырымен әлі де келеді, әлі де кездесеміз деген үмітін үзбейді. Құрметті оқырман, жоғарыдағы деректерге қарап, бір мәліметтер біліп жатсаңыздар “ТоболИнфо” редакциясына хабарласуларыңызды сұраймыз.
Ұлту ЖҮЗБАЙ
Суретті жолдаған шағымданушы
