Жангелдин ауданында мемлекет қаржысына салынуы тиіс ветеринариялық пункт төңірегінде дау шықты
Құрылысы жартылай ғана біткен нысанды «толық аяқталды» деп қабылдап, 29 миллион теңгеден астам бюджет қаржысын толық аударып жіберген әкімдіктің ауылшаруашылық бөлімінің басшысы Ернұр Иманғалиев Әдеп жөніндегі кеңесте жауап берді.
Прокуратура нені анықтады?
Жангелдин ауданы прокуратурасының аға прокуроры Мейрамкүл Қозбақтың мәліметінше, аудан әкімдігінің ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Ернұр Иманғалиев пен «Биг строй сервис» ЖШС арасында Сужарған ауылына блокты-модульді ветеринариялық пункт салу туралы 29 млн теңгеден астам сомаға келісімшарт жасалған.

Алайда прокурорлық тексеріс барысында бірқатар өрескел заң бұзушылықтар әшкере болған:
Бітпеген жұмысқа – толық ақы: 15 қыркүйек күні бөлім басшысы Ернұр Иманғалиев құрылысы небәрі 50 пайызға ғана орындалған, техникалық талаптарға сай келмейтін нысанды қабылдау актісіне қол қойған. Соның негізінде 18 қыркүйекте мердігерге 29,1 млн теңге көлеміндегі қаражат 100 пайыз толық аударылған.

Бейтаныс құрылысшы: Тендерді «Биг строй сервис» ЖШС ұтып алғанымен, іс жүзінде нысанды мүлде басқа адам – А.Дүйсенбаев есімді азамат салып жатқан. Қосалқы мердігермен ешқандай заңды келісімшарт жасалмаған.
Прокуратура бұл әрекетті «Мемлекеттік қызмет туралы» заңды өрескел бұзу және жеке тұлғаларға заңсыз басымдық беру деп бағалады.
«Құрылыстан тәжірибем жоқ»: Шенеуніктің уәжі
Әдеп жөніндегі кеңес отырысында Жангелдин ауданы әкімдігінің ауылшаруашылық бөлімінің басшысы Ернұр Иманғалиев өз кінәсін құрылыс саласынан хабары жоқтығымен түсіндіруге тырысты.

«Конкурсты ұтып алған мердігер мен салып жатқан азаматтың арасында ауызша келісім болған. Оның тиісті құжаттарын бізге көрсету керек екенін білмедім. Менің мамандығым – агроном, ауыл шаруашылығы саласының маманымын. Құрылыс саласында тәжірибемнің болмауынан осындай кемшіліктер кетті. Қазір барлығы 100 пайыз қалпына келтірілді», – деді Ернұр Иманғалиев.
Кеңес мүшелерінің күмәні мен шешімі
Кеңес мүшелері шенеуніктің «бәрі қалпына келтірілді» деген сөзіне күмәнмен қарады. Себебі, қабылдау актісі қыркүйекте жасалғанымен, прокуратура 12 қазанда барғанда нысан әлі де жартылай бітпеген күйі тұрған және прокуратура ұсынған құжатта 20-дан астам кемшілік тіркелген.
— Заңбұзушылық бар екені анық. Екінші жағынан, оның жұмыс тәжірибесі жеткілікті және бұған дейін ешқандай ескерту алмаған. Сондықтан оған «қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту» түріндегі тәртіптік жаза қолдануды ұсынамын, – деді Әдеп кеңесінің төрағасы Серік Бектұрғанов.
Кеңес мүшелері бұл шешімді бірауыздан қолдады. Сондай-ақ, прокуратура мен бөлім басшысының сөзі екі түрлі шыққандықтан, Сужарған ауылындағы ветеринариялық пункттің нақты жағдайы туралы растайтын құжаттар мен фото-видео есеп ұсыну тапсырылды.
Ұлту ЖҮЗБАЙ,
суреттер автордікі
