Миллиондар бәріне жете ме? — Жангелді ауданының кадр саясатының бағыты

Жангелді ауданы сырттан келген дәрігерге 8 миллион теңге көтермеақы, тегін үй және барынша әлеуметтік қолдау ұсынуға дайын

Алайда, өз жастарын мемлекеттік қаражат есебінен оқытуға келгенде, жергілікті билік олардың қандай мамандық таңдайтынына да, кейін туған жеріне оралуына да ықпал ете алмайды-мыс.

Аудан әкімі Дінмұханбет Бидашевтің тоғыз айлық есептік брифингте айтқан жауаптары өңірдегі кадр саясатына қатысты бірқатар күрделі сауал туындатады.

Жангелді ауданында медицина мамандарының тапшылығы әлі де өзекті. Әкімнің мәліметіне сүйенсек, жыл басынан бері ауданға басқа өңірлерден 5 жоғары білімді дәрігер (стоматолог, эпидемиолог және үш жалпы практика дәрігері) және 6 орта буын медицина қызметкері жұмысқа тартылған.

Оларды ауылда тұрақтандыру үшін билік қаржыны аяп жатқан жоқ:

— Егер қалада көтермеақы 3 миллион теңге болса, Жангелді, Амангелді аудандары мен Арқалықта 8 миллион теңге төленеді. Яғни қаламен салыстырғанда 2,5 есе көп. Үй тегін беріледі. Олардың барлығына тұрғын үй бердік, әлеуметтік жәрдемақы төледік. Мал өсіреміз десе, оны да беруге дайынбыз, – деді Дінмұханбет Бидашев. — Шарт бойынша, бұл мамандар ауданда кемінде 3 жыл тұрақты жұмыс істеуі тиіс.

Сырттан келген маманға жасалған жағдай керемет-ақ. Алайда, дәл осы жерде жергілікті кадр даярлау мәселесінде мүлде басқа көрініс байқалады.

— Өзіміздің түлектерді оқытып жатқан жоқпыз. Бұрын облыс әкімінің гранты, аудан әкімінің гранты деген болды. Қазір ол жоқ, – деп ағынан жарылды әкім.

Қазіргі таңда жоғары оқу орындарында білім алып жатқан аудан жастарымен тек ауызша келісім ғана жасалған. Ал әлеуметтік осал топтағы студенттерге оқу ақысын төлеуге көмек берілгенімен, оларға ешқандай талап қойылмайды.

— Бір отбасының күнкөріс деңгейі төмен болса, сол үйдің студент баласына оқуына арнайы көмек төлейміз. Бірақ бұл – үкіметтің ақшасы. Біз оларға қажетті мамандықтар жөнінде ешқандай талап қоя алмаймыз, – деді ол.

Неліктен мемлекеттік әлеуметтік қолдау ауданның кадр тапшылығын шешуге байланбаған? Ауданға тек дәрігерлер емес, ветеринарлар мен мұғалімдер де қажет. Әкімдік түлектермен кездескенде «осы мамандықтарға барыңдар, 100 пайыз жұмыс тауып береміз» деп тек үгіттейтінін айтады. Бірақ құрғақ уәде мен нақты құқықтық міндеттеме — екі бөлек нәрсе.

Қазірдің өзінде Көлқамыс пен Шұбалаң ауылдарында медицина қызметкерлері басқа өңірлерге қоныс аударып кеткен. Бос орындарға көрші ауылдың дәрігерлері қатынап жұмыс істеуде. Бұл келген маманның 3 жылдан соң көшіп кете алатынын, демек, мәселені түбегейлі шешпейтінін көрсетеді емес пе?

Жыл сайын миллиондап қаражат жұмсап, сырттан маман «сатып алу» мәселе түбегейлі шешілді дегенді білдіре ме? Ауданға бүгін келіп, ертең кететіндер емес, осы жерде тұрақтап қалатын өз кадрлары керек емес пе?

Қаратай ҚЫПШАҚ, суретті Өңірлік коммуникациялар қызметі ұсынды

Предыдущая запись
Следующая запись

НАШИ ПРОЕКТЫ

Edit Template

Информационное агентство "ТоболИнфо"

Копирование и перепечатка материалов ограничена. 

Контакты редакции

Адрес редакции:
110000 г. Костанай,

пр. Аль-Фараби, 90

Телефон/факс 
+7 7142 54 62 46

+7 701 031 7231 (только WhatsApp)

Email: tobol.info.kz@gmail.com

Яндекс.Метрика

Партнеры

90427138_825661671272824_9056575525920702464_n

© 2026 все права на сайт защищены.