Үй қамақта отырған облыс әкімінің бұрынғы орынбасары Гүлбарам Мұсағазина, облыстық денсаулық басқармасының экс басшысы Данияр Джандаев пен Қарасу аудандық ауруханасының экс бас дәрігері Владимир Голубев Құрылтай сайлауына қатысты ма?
Қостанай қаласының аумақтық сайлау учаскесінің төрайымы Сәния Шарипованың сөзінше, сайлауда қала бойынша 292 адам үй жайында арнайы өтініш жасап дауыс берген. Алайда үй қамақта отырған экс-басшылар қаншалықты ниет білдірді?
Мәлім болғандай, облыс әкімінің экс орынбасары №8 ЖББМ-де дауыс беруі керек болатын.
— Сайлау учаскісінің төрағасы Руслан Онайбеков оның жолдасына жеке шақыру қағазын өз қолымен табыстаған, — ол туралы “ТоболИнфо” АА-не Қостанай қаласының аумақтық сайлау комиссиясының төрайымы Сәния Шарипова хабарлады. — Бірақ Гүлбарам Мұсағазинаның өзінен дауыс беруге өтініш түспеген.
Дауыс беру жәшігін мекенжайға жеткізу үшін сайлаушыдан арнайы арыз түсу керек.
Джандаевқа келер болсақ, оның мекенжайы мен сайлау учаскесі бізге беймәлім. Сәния Шарипова да Данияр Джандаевтың дауыс беру орнын білмейтінін айтты.

Ал Владимир Голубевтің тұрғылықты жері Қарасу ауданында. Естеріңізге сала кетейік, Мұсағазина үй қамақта отыр. Одан бұрынырақ Данияр Джандаев пен Владимир Голубев сот санкциясына сәйкес уақытша тергеу изоляторына жіберілген болатын.
Мұсағазина қылмыстық іске іліккеннен кейін, “ТоболИнфоға” мәлім болғандай, олар да үй қамаққа көшірілді.
Рауза Шүкір
