Қостанайдағы Қайырбеков көшесінде өткен сенбіде белгісіз адамдар кейбір үйлердің Alma TV кабельдерін кесіп кеткен. Тұрғындар олардың әрекетінің себебін сұрағанда, «Таза аспан» акциясы жүріп жатқанын және әкімдік тексеріс жүргізетінін айтқан.
— Мен ол күні үйде болатынмын. Интернеттің кабельдерін кесіп жатқанын көріп далаға шығып, жөнін сұрадым. “Таза аспан” акциясына байланысты екенін айтты. Алма ТВ компаниясына хабарластық. Келесі сейсенбіде қосылады деді. Бүгін төртінші күн интернет жоқ. Енді ғана келіп қайта жалғап жатыр, — дейді Қайырбеков көшесінің тұрғыны Азима.

Alma TV компаниясының кабельдерді қалпына келтіріп жатқан техмамандарын сөзге тарттық.
— Біз келгенде кабельдер жерде шашылып жатты. Орап, орындарына қойып кеттік. Бүгін соларды қайта жалғап жатырмыз. 8 үй ағытылған екен. Қазір бәрін қалпына келтіріп болып қалдық, — дейді олар.
Осы жағдайға байланысты Alma TV компаниясының Қостанайдағы филиалына хабарласқан болатынбыз, менеджері өзін Бауыржан деп таныстырған азамат кабельдерде үзілу болғанын айтып, оқиғаның нақты себебіне қатысты түсініктеме беруден бас тартты. Оның сөзінше, компанияның филиал директоры түсініктемені өзі бермек.

Қайырбеков көшесіндегі кабельдер кесілді ме, әлде үзілді ме әзірге белгісіз. Олардың «Таза аспан» акциясына қатысы бар-жоғы және қала әкімдігінің тексерісіне кабельдердің қатысы қандай деген сауалдарды Қостанай қаласының әкімдігіне жолдадық. Тиісті тұлғалардан жауап болып жатса қосымша жарияланым жасайтын боламыз.
Ұлту ЖҮЗБАЙ
Суреттерді түсірген автор
