«Жерді қашан аламын, көрге кіргенде ме?»: Қостанайда саяжай тұрғындары өтемақы мен газға қол жеткізе алмай отыр

Қостанайда саяжай тұрғындары жалғыз баспанасынан айырылып қалудан қауіптенсе, енді бірі газға қол жеткізе алмай жүр. Мемлекет мұқтажы үшін алынатын жерге ұсынылған өтемақы көлемі мен инфрақұрылым мәселесі талқыланған жиынға шақырылған қала әкімдігі өкілдерінің келмеуі де тұрғындардың наразылығын туғызды.

ЖСДП төрағасы Дәмір Жақанов ұйымдастырған дөңгелек үстелде «Юбилейный», «Краснопартизанское», «Притобольское» және басқа да саяжайлардың тұрғындары өз мәселелерін көтерді. Олардың айтуынша, жер кезегі жылдар бойы жылжымай, саяжайларға газ тарту мәселесі де шешімін таппай отыр.

— 2008 жылдан бері жер кезегінде тұрмын. Қазір 70 жасқа келдім, әлі жеті мыңыншы болып тұрмын. Жерді қашан аламын, көрге кіргенде ме? Сондықтан саяжайға үй салып, күн көруге мәжбүрміз, – дейді жиынға қатысқан зейнеткер.

Тұрғындарды алаңдатқан тағы бір мәселе – өтемақы. ЖСДП өкілінің мәліметінше, мүгедек баласы бар анаға 4 миллион теңге ұстатып, “қайда барсаң, онда бар” деген кейіп танытып отыр.

— Бұл ақшаға қазір ипотеканың алғашқы жарнасын да төлей алмайсың! Тұрғындар ол жерге зәулім, іші пәтерден де артық үйлер салған. Бірақ әкімдік оны „жай ғана дача домигі“ деп бағалап, тиын-тебен ұстатпақшы, — дейді ол.

Саяжай иелерінің сөзінше, әкімнің әр сотық жерге 700–800 мың теңге төлеу туралы жария мәлімдемесі мен келісімшарттарда көрсетілген 500 мың теңгенің арасында айырмашылық көп.

— Саяжайым ата-анамнан мұраға қалған. Мемлекет ұсынған өтемақы тым аз. Олар тек жерді есептеп отыр, ал жер теліміндегі үй, монша және басқа құрылыстар неге ескерілмейді? Келісімге келуден бас тартып, сотқа жүгіндім. Нәтижесі әзірге белгісіз. Бұл – менің көпжылдық еңбегім мен шығыным, – дейді «Юбилейный» саяжайының тұрғыны Сергей Болотин.

Газдандыру мәселесі де шешімін таппай отыр. Дәмір Жакановтың мәлімдеуінше, саяжайларға газ тартуға өрт қаупі себеп ретінде көрсетілген. Алайда партия өкілі ең үлкен өрт қаупі пеш жағатын үйлерден екенін алға тартады. Сондықтан саяжай қоғамдастықтарының өкілдері қауіпсіздік талаптарын сақтай отырып, газ желісін тартуға мүмкіндік беруді сұрайды.

«Краснопартизанское» саяжай қоғамдастығының төрайымы Оксана Бочкарева мен өзге тұрғындар 2023 жылы қабылданған саяжайларды дамыту жөніндегі «Жол картасының» нақты нәтижесін көрмей отырғандарына да наразы. Себебі халық инфрақұрылымды өз қаражатына жүргізуге дайын болса да, қажетті желілер саяжай аумағына дейін жеткізілмеуде.

Тұрғындардың пікірінше, оларды алаңдатқан мәселелердің ұзақ уақыт шешілмеуі мен әкімдік өкілдерінің кездесуге қатыспауы халық пен билік арасындағы диалогтың қажеттігін тағы да көрсетті. Енді саяжай тұрғындары мәселелерін Құрылтай депутаттары мен Президент Әкімшілігі деңгейінде  көтеріп, жерді мемлекет мұқтажы үшін алу кезінде әділ өтемақы төлеуді, саяжайларды толыққанды тұрғын үй аумақтары ретінде қарастыруды және инфрақұрылыммен қамтамасыз етуді талап етпек. Сондай-ақ жер мәртебесін заңдастыру үшін бірреттік амнистия мәселесін көтеру көзделіп отыр.

Ұлту ЖҮЗБАЙ

Суреттерді түсірген автор

Предыдущая запись
Следующая запись

НАШИ ПРОЕКТЫ

Edit Template

Информационное агентство "ТоболИнфо"

Копирование и перепечатка материалов ограничена. 

Контакты редакции

Адрес редакции:
110000 г. Костанай,

пр. Аль-Фараби, 90

Телефон/факс 
+7 7142 54 62 46

+7 701 031 7231 (только WhatsApp)

Email: tobol.info.kz@gmail.com

Яндекс.Метрика

Партнеры

90427138_825661671272824_9056575525920702464_n

© 2026 все права на сайт защищены.