Қостанайдағы жаңа өрт сөндіру бекеттері неге жылдар бойы тек қағаз жүзінде ғана қалып, ал дайын ғимарат бос тұр

Облыс орталығы қарқынды дамуын жалғастыруда, жаңа шағын аудандар бой көтеріп, өндірістік аймақтар кеңейіп, қала халқы жыл сайын артып келеді. Алайда төтенше жағдайлар қызметінің инфрақұрылымы бұл өсімге ілесе алмай отыр. Халқы 200 мыңнан асатын Қостанай қаласына бүгінгі күні небәрі үш мемлекеттік өрт сөндіру бөлімі ғана қызмет көрсетеді.

Өрт сөндіру бекеттерінің жетіспеушілігі мәселесі облыс орталығында жылдан-жылға көтеріліп келеді. Алайда нақты құрылыс жұмыстары әлі күнге дейін басталған жоқ. Бюджеттік өтінімдер қолдау таппайды, әзірленген жобалық-сметалық құжаттамалар (ЖСҚ) ескіріп қалады, ал жаңа шағын аудандар жоғары қауіп аймағында қалып отыр. Соған қарамастан, қаланың өнеркәсіптік аймағында, бүгінде белсенді түрде игеріліп жатқан аумақта, күрделі жөндеуді қажет етпейтін дайын өрт сөндіру бекетінің ғимараты бос тұр. «НК» тілшілері мемлекет қыруар қаржыны қайта-қайта жобалау жұмыстарына жұмсап жатқанда, кеңес дәуірінен қалған дайын инфрақұрылым нысандарының қараусыз қалып, қаңырап бос тұруының себебін анықтауға тырысты.

НОРМАТИВ ПЕН ШЫНДЫҚ

Қостанайда өрт сөндіру бекеттерінің жетіспейтіні туралы көп жылдан бері айтылып жатыр. Бірақ мәселе әлі күнге дейін шешімін тапқан жоқ. «НК» бұл тақырыпты тұрақты түрде көтеріп келеді: бірнеше рет жергілікті атқарушы органдар құрылысқа жер телімдерін бөлгені, ауқымды жұмыстардың басталатыны жөнінде хабарлағанымен, іс қағазбастылықтан әрі аспайтынын жаздық. Билік қымбат жобалық-сметалық құжаттамаларды әзірлеуге қаражат тапқанымен, құрылыс-монтаж жұмыстарына қаржы бөлу кезеңіне келгенде процесс тоқтап қалады.

2024 жылы «НК» облыс орталығында бірден екі жаңа заманауи өрт сөндіру бекеті салынуы мүмкін екенін үмітпен хабарлаған болатын. Оның бірі қарқынды дамып келе жатқан «Қонай» тұрғын ауданында, екіншісі өрттен қорғау тұрғысынан аса қажет солтүстік-батыс бөлігінде салынуы жоспарланған еді.

Ал әзірге Қостанайға бұрынғыдай тәулік бойы небәрі үш бөлім қызмет көрсетіп келеді: Гоголь көшесіндегі №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімі, Карбышев көшесіндегі №2 өрт сөндіру бөлімі және №3 өрт сөндіру бөлімі.

Қолданыстағы техникалық регламенттер мен өрт сөндіру автокөліктерінің жету радиусы жөніндегі нормативтерге сәйкес, Қостанайда кемінде сегіз өрт сөндіру бекеті жұмыс істеуі тиіс. Қалада күш пен құралдардың тапшылығы айқын сезіледі, ал қолданыстағы өрт сөндірушілерге түсетін жүктеме рұқсат етілген деңгейден әлдеқайда асып кеткен. Егер өрт қаланың шеткі бөлігінде шықса, құтқарушылар қалың көлік кептелісін бұзып өтуге мәжбүр болады. Соның салдарынан адам өміріне тікелей әсер ететін қымбат уақыт жоғалады.

2026 жылдың басында Қостанай қаласы әкімдігінің құрылыс бөлімінің басшысы Арсайн Байдәулетов алдағы жоспарлар туралы былай деген еді:

— Қостанай қаласында өрт сөндіру бекеттерін салу «Қонай» және «Береке» шағын аудандарының егжей-тегжейлі жоспарлау жобаларында қарастырылған. Кейін «Береке» шағын ауданы бойынша жобаға түзетулер енгізіліп, бекет Солтүстік-Батыс ауданында орналасатын болды. Ал «Қонайда» құрылысқа жер телімі бөлінді. Заң талаптарына сәйкес, төрт шығуға арналған өрт сөндіру бекетінің жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлеуге мемлекеттік сатып алу порталында конкурс жарияладық. Жобаның құны — 117 505 148 теңге. Құрылыс маусымы басталғаннан кейін, шамамен мамыр айында нысанның құрылысын бастаймыз деп жоспарлап отырмыз, — деген болатын мемлекеттік қызметші.

Сонымен қатар екінші нысан бойынша да жұмыстар жүргізілді. Солтүстік-Батыс ауданында төрт шығуға арналған өрт сөндіру бекетінің жобалық-сметалық құжаттамасы дайын болды. Сол кезде Қостанай облысы Төтенше жағдайлар департаментінің «Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі» РММ бастығы Андрей Ракович те редакциямызға зор үмітпен пікір білдірген еді.

— Бұл нысанның құрылысын Қостанай облысының құрылыс басқармасы үйлестіреді. Біздің білуімізше, қазіргі таңда жобалық-сметалық құжаттама мемлекеттік сараптамадан өтіп жатыр. Егер оң қорытынды берілсе, құрылысқа қанша қаражат қажет екені және жұмыстың қашан басталатыны белгілі болады. Егер қалада бірден екі жаңа өрт сөндіру бекеті ашылса, оның маңызын сөзбен жеткізу қиын. Себебі қазіргі Қазақстан тарихында біздің облыста бірде-бір жаңа өрт сөндіру бекеті салынған жоқ. Барлығы сәтті жүзеге асады деп үміттенеміз, — деген еді Андрей Ракович.

Алайда 2026 жылдың жазы келсе де, құрылыс алаңдарында ешқандай қозғалыс байқалмайды.

СТАЛКЕРЛЕРДЕН КЕЛГЕН «СӘЛЕМ»

Шенеуніктер жаңа ғимараттар салуға жүздеген миллион теңге іздеп жүргенде, Қостанайдың өзінде кезінде дәл осы мақсатқа арналып салынған, бірақ бүгінде қаңырап бос тұрған ғимараттар бар.

Жуырда TikTok әлеуметтік желісінде жарияланған бейнежазба назарымызды аударды. Оның авторлары — қараусыз қалған, аяқталмаған немесе пайдаланылмайтын азаматтық және өндірістік нысандарды зерттеумен айналысатын жергілікті сталкерлер. Бейнежазбада жастар Промышленный көшесіндегі үлкен бос кешеннің аумағына кірген. Белгілі болғандай, бұл жай ғана қойма немесе өндірістік цех емес, кәсіби талаптарға сай салынған толыққанды өрт сөндіру бекеті.

Нысанның орналасқан жері қалалық қауіпсіздік тұрғысынан көптеген сұрақ туғызады. Ғимарат бүгінде жаңа өндірістік және коммерциялық кәсіпорындар қарқынды салынып жатқан аумақта орналасқан. Егер осы маңда ірі өрт немесе төтенше жағдай орын алса, орталықтан шығатын өрт сөндіру көлігі кептелістер мен теміржол өткелдерінен өтуге мәжбүр болады немесе Карбышев көшесінен айналма жолмен бірнеше шақырым жүріп жетеді. Ал дәл осы жерде жұмыс істейтін өрт сөндіру бөлімі болса, қалалық гарнизонға түсетін жүктемені айтарлықтай азайтар еді.

«НК» тілшілері қараусыз қалған бекетті өз көзімізбен көру үшін оқиға орнына бардық. Сыртқы келбеті жаман емес, сапалы кірпіштен қаланған қабырғалар, кеңестік дәуірге тән берік архитектура және арнайы техникаларға арналған үлкен қақпалар сақталған. Ал биік қоршаудың ар жағында, жабық есіктердің ішінде не болып жатқаны сырттан көрінбейді.

Біз Қазақстан Республикасының ашық кадастрлық картасын қарап шықтық. Құжаттарда жер учаскесінің мақсаты, төрт өрт сөндіру автокөлігіне арналған бекет ғимаратына, тұрғын үй-жайларға, түтін камерасына және көбік түзгіш заттарды сақтайтын қоймаға қызмет көрсету деп көрсетілген. Жер телімінің аумағы – 3194 шаршы метр (0,3194 гектар). Меншік құқығы — ортақ бірлескен меншік.
Яғни қалада төрт техникаға арналған, газ-түтіннен қорғау қызметкерлерін жаттықтыруға арналған түтін камерасы мен арнайы қоймалары бар дайын өрт сөндіру бекеті тұр. Бірақ ол пайдаланылмай келеді. Ендеше мемлекет бұл нысанды неге өз қарамағына қайтарып, жөндеу жұмыстарын жүргізіп, кем дегенде осы ауданның мәселесін шешпеске? Осы сұрақпен «НК» редакциясы Қостанай облысының Төтенше жағдайлар департаментіне ресми сауал жолдады.

90-ЖЫЛДАРДАҒЫ ЖЕКЕШЕЛЕНДІРУДІҢ ІЗІ

Төтенше жағдайлар департаменті басшылығы қол қойған жауап ғимараттың тарихын толық ашып берген жоқ, керісінше, жағдайдың күрделілігін көрсетті. Белгілі болғандай, құтқарушылардың бұл ғимаратқа заң жүзінде ешқандай қатысы жоқ екеніне отыз жыл болған.

— Қолда бар мәліметтерге сәйкес, аталған ғимарат 1982–1996 жылдары Қостанай дизель зауытының меншігінде болған. Осы кезеңде мұнда орналасқан ведомстволық өрт сөндіру бөлімі жедел қызмет тұрғысынан Қостанай қаласының өртке қарсы қызмет гарнизонына бағындырылып, қаланың өрт сөндіру бөлімдерінің шығу кестесіне енгізілген. Ол кезде Қостанай қаласына небәрі екі өрт сөндіру бөлімі қызмет көрсеткендіктен, ведомстволық бөлімнің күштері мен техникалары қала аумағындағы өрттерді сөндіруге және авариялық-құтқару жұмыстарына тартылып отырған, — деп хабарлады департамент.

Ведомствоның түсіндіруінше, кеңес дәуіріндегі мұндай ғимараттың ешқашан мемлекеттік меншікте немесе өртке қарсы қызмет органдарының жедел басқаруында болғанын білдірмейді. Ол әрдайым кеңестік машина жасау өнеркәсібінің ірі кәсіпорындарының бірі — дизель зауытының меншігінде болған. Кейін елде жекешелендіру кезеңі басталды.

– 1996–2003 жылдары Қостанай дизель зауытына қатысты оңалту және банкроттық рәсімдері жүргізілді. Осы кезеңде кәсіпорынның мүлкі қарыздарын өтеу мақсатында сатылып, өрт сөндіру бекетінің ғимараты аукцион арқылы жеке меншікке өтті. Қолда бар мәлімет бойынша, бүгінгі күнге дейін нысан жеке тұлғалардың иелігінде. Қазіргі уақытта ол Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің немесе Қостанай облысы Төтенше жағдайлар департаментінің меншігінде емес, – делінген жауапта.
Нысан жеке меншік болғандықтан, ТЖД меншік иесінің қызметіне араласа алмайды, тексеру жүргізуге немесе ғимаратты мақсатты түрде пайдалануды талап етуге құқығы жоқ. Сол себепті департамент иесінің нысанды неге бос ұстап отырғанын да білмейді.

Ғимараттың техникалық жағдайына қатысты сараптама да жүргізілмеген. Себебі ол азаматтық қорғау органдарының қарамағындағы нысан емес. Сондықтан оның апатты жағдайда екені немесе күрделі жөндеуден кейін пайдалануға жарамды екені белгісіз. Осыған байланысты Промышленный көшесіндегі бұл ғимарат мемлекеттік жаңғырту немесе жөндеу бағдарламаларына енгізілмеген.

Ал әзірге өрт сөндірушілер күн сайын шақыртуларға шығып, арақашықтық пен көлік кептелістеріне қарамастан, адам өмірін сақтап қалу үшін әрбір секундпен санасып қызмет атқаруда. Бірақ қаланың қауіпсіздігі тек мамандардың жанқиярлығы мен олардың мүмкіндігінің шегіне дейін жұмыс істеуіне қанша уақыт сүйене алады? «НК» редакциясы жер телімдері мен жүз миллиондаған теңгеге әзірленген жобалық-сметалық құжаттамалардың қашан нақты өрт сөндіру бекеттеріне айналатынын бақылауды жалғастырады. Өйткені бұл мәселе мыңдаған қостанайлықтың өміріне тікелей әсер етеді.

Полина ЦИММЕР, Аяжан СЕРІК,
суреттерді түсірген Лариса БОЖКО

Предыдущая запись
Следующая запись

НАШИ ПРОЕКТЫ

Edit Template

Информационное агентство "ТоболИнфо"

Копирование и перепечатка материалов ограничена. 

Контакты редакции

Адрес редакции:
110000 г. Костанай,

пр. Аль-Фараби, 90

Телефон/факс 
+7 7142 54 62 46

+7 701 031 7231

Email: tobol.info.kz@gmail.com

Яндекс.Метрика

Партнеры

90427138_825661671272824_9056575525920702464_n

© 2026 все права на сайт защищены.