2-3 жастағы бүлдіршіндерге балабақшаларда футбол үйірмесі ұсынылатыны туралы ақпарат ата-аналар арасында үлкен түсініспеушілік пен наразылық тудырған еді. Осы мәселенің анық-қанығын білу мақсатында жолданған ресми сауалға Қостанай қалалық білім бөлімі жауап берді.
Ресми мәліметтерге сүйенсек, даудың басы болған «Ақ Желкен» жекеменшік балабақшасында ешқандай заң бұзушылық анықталмаған және кішкентай балаларды бұл спорт түрлеріне ешкім мәжбүрлемеген. Мекеме әкімшілігінің хабарлауынша, балабақша ішінде ата-аналар арасында тек ішкі сауалнама (опрос) жүргізілген. Сауалнаманың мақсаты — балаларды 3 жастан бастап футбол үйірмесіне беруге ата-аналардың қызығушылығы бар-жоғын анықтау болған. Алайда, сауалнама нәтижесі бойынша бұл үйірмеге жазылғысы келетін бірде-бір адам табылмаған, соған байланысты балабақшада футбол сабақтары мүлдем ұйымдастырылмаған.
Бұл жерде кез келген бүлдіршіндермен жұмыс жасайтын мекемелерде спорт түрлерін ұсынар кезде баланың жас ерекшелігі ескерілмей ме деген заңды сұрақ туындайды. Оған құзырлы органның жауабы мынадай:
“ҚР Мәдениет және спорт министрінің бұйрығына сәйкес, спорттық ұйымдарда оқу-жаттығу процесі бойынша жаттығу жасау үшін футболмен айналысуға — 8 жастан бастап қана рұқсат етіледі. Бұл маңызды ақпарат пен заң талаптары қазіргі уақытта «Ақ Желкен» балабақшасының басшылығына ресми түрде жеткізілді”.
Жалпы, Қостанай қаласындағы балабақшалардағы үйірмелердің жағдайына келетін болсақ, қаланың 24 мемлекеттік мектепке дейінгі ұйымының ішінде қосымша ақылы үйірме тек бір мекемеде — № 3 бөбекжай-бақшасында ғана жұмыс істейді, онда балалар спортпен емес, айына 2 000 теңгеге тек «Хореография» (би) сабағымен айналысады. Төлем банк есепшоты арқылы ресми түрде жүреді.
Ал жекеменшік ұйымдарда олар қолданыстағы заңнама аясында Мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттан (ГОСО) тыс қосымша ақылы қызметтердің бағыттарын дербес айқындауға құқылы, бірақ бұл қызметтер тек ерікті түрде және ата-анамен жеке шарт жасасу арқылы ғана жүзеге асырылуы тиіс. Білім бөлімі өкілдері, балабақша басшылығының ата-аналарды ақылы үйірмелерге мәжбүрлеуіне заң бойынша мүлдем жол берілмейтінін ескертті.
Құзырлы мекеме мемлекеттік тапсырыс орналастырылған балабақшалардың тек негізгі талаптарды сақтауын, яғни санитарлық қорытынды, медициналық лицензия, өртке қарсы және терроризмге қарсы қауіпсіздік, бейнебақылау, педагогтердің біліктілігі сынды тексеруді 3 жылда 1 рет жоспарлы түрде немесе шағымдар бойынша жоспардан тыс жүзеге асыратынын айтады. Әрі үйірме жетекшілерін жұмысқа қабылдау кезінде олардың тиісті білімі, біліктілігі және балалармен жұмыс істеуге рұқсат беретін құжаттары міндетті түрде тексерілетінін растады.
Ұлту ЖҮЗБАЙ
