Қостанай тұрғындары жұмысқа орналасу немесе оқу орнына түсу үшін қажет 075/у медициналық анықтамасының бағасы әр емханада әртүрлі екенін байқады. Бір жерде оны 4050 теңгеге алуға болса, кейбір емханаларда 20 500 теңгеге дейін жетеді.
Мұндай үлкен айырмашылықтың себебі неде? Анықтаманы алу үшін қандай медициналық тексерулерден өту қажет? Оны кез келген емханадан алуға бола ма? Осы сұрақтарға жауап іздеп көрдік.
Анықтама жайында
075/у анықтамасы – азаматтың медициналық тексеруден өткенін және оның жұмысқа немесе оқуға қарсы көрсетілімдерінің жоқ екенін растайтын құжат.
Әдетте, анықтаманы алу үшін флюорография, терапевттің тексеруі, хирург, невропатолог, дерматолог сияқты мамандардың қабылдауы, жалпы қан және зәр анализдері, жұқпалы ауруларға тест тапсыру, сондай-ақ наркологиялық және психоневрологиялық диспансерден алынатын анықтамалар талап етіледі. Кейбір жағдайларда қосымша тексерулерден өту қажет болуы мүмкін. Алайда, әр оқу орны мен жұмыс берушінің өз талаптары бар, сондықтан тексеру процедуралары өзгеруі мүмкін.
Қала тұрғыны Арайлым екі жыл бұрын 075/у анықтамасын алу үшін өз емханасына барып, шамамен 10 000 теңге жұмсағанын айтады. Бірақ биыл дәл сол емхана бұл анықтаманы бермейтінін хабарлаған.
— Бұрын өз емханамнан оңай алып жүрген анықтаманы қазір басқа жерден іздеуге мәжбүрмін. Оның үстіне, бағалар шарықтап кеткен. Кейбір емханаларда бағалар 20 мың теңгеден асады. Бұл әділетсіздік сияқты көрінеді, – дейді ол.
Баға айырмашылығы
Қостанай емханаларына хабарласып, анықтама алу бағаларын сұрадық. Ең арзан анықтама 4050 теңге (№4 емхана), ал ең қымбаты 20 500 теңге (№2 емхана) екені белгілі болды.
Мұндай айырмашылықтың себебін білу үшін №2 емхананың әкімшілігіне хабарластық. Бас дәрігердің медициналық бөлім жөніндегі орынбасары Арман Исембаев бағаның ішкі прейскурантқа сәйкес белгіленетінін және өзгеріп отыратынын айтты. Бірақ неге дәл осы емханада анықтаманың бағасы бірнеше есе қымбат екеніне нақты жауап берген жоқ.
Алғашында тіркеу бөлімі анықтаманың құны 20 500 теңге екенін айтты, бірақ бірнеше сағаттан кейін қайта хабарласқанымызда, бұл қызметтің уақытша қолжетімсіз екенін жеткізді.
Қазақстан заңнамасына сәйкес, 075/у анықтамасын алу үшін азаматтың нақты бір емханаға тіркелуі міндетті емес. Яғни, Қостанай тұрғындары өздерінің тіркелген емханасына бармай-ақ, басқа клиникалардан анықтама ала алады. Бұл – азаматтар үшін ыңғайлы мүмкіндік, өйткені кейбір емханаларда баға әлдеқайда төмен немесе қызмет көрсету жылдамдығы жоғары болуы мүмкін.
Егер өз емханаңыздағы баға тым қымбат болып көрінсе, басқа медициналық мекемелерден салыстырып көруге болады. Бірақ анықтаманы беретін мекеменің лицензиясы бар екеніне көз жеткізу қажет.
Кейбір азаматтар жоғары бағаны тек белгілі бір емханадан анықтама алу керек деп ойлайтындықтан төлейді. Алайда заң бойынша, медициналық анықтаманы лицензиясы бар кез келген медициналық мекемеден алуға болады. Осылайша, артық ақша жұмсамай, бағасы тиімді нұсқаны таңдай аласыз.
Сонымен қатар, адамдардың көбісі 075/у анықтамасына кіретін дәрігерлер тізімін өзгертуге болатынын білмейді. Егер сізге заң бойынша мүндетті дәрігерлерден басқа да дәрігерлерді қосып қойса, оны алып тастауға толық құқығыңыз бар. Мысалы, жұмыс беруші немесе оқу орны сізден тек 075 анықтама пен флюорография нәтижесін талап етсе, басқа дәрігерлерге барудың қажеті жоқ. Бірақ кейбір емханалар қосымша тексерулерді қажетсіз енгізіп, бағаны көтеруі мүмкін.
Сондықтан, анықтаманы алар алдында, қажетті тексерулердің нақты тізімін сұрап, қажет емес дәрігерлерді алып тастауды талап еткен жөн.
Ресми жауап
Қостанай облысы әкімдігінің Денсаулық сақтау басқармасына ресми сұрау жібердік. Басқарма өкілдерінің айтуынша, 075/у анықтамасын беру тәртібі ҚР Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы №ҚР ДСМ-131/2020 бұйрығымен реттеледі. Бұл қызмет ақылы түрде көрсетіледі, бірақ 18 жасқа дейінгі балаларға өз емханасында тегін берілуі тиіс.
Әрбір медициналық мекеме қызмет құнын өз бетінше белгілейді. Баға дәрігерлердің жалақысы, коммуналдық төлемдер, медициналық жабдықтарды күтіп-ұстау және басқа да шығындарды ескере отырып қалыптасады.
Мемлекеттік медициналық мекемелердегі қызмет құны орталықтандырылған түрде реттелмейді, сондықтан әрбір емхана өз бағасын белгілейді. Егер азамат анықтаманың бағасы тым жоғары деп санаса, шағым беруге құқылы. Егер 075/у анықтамасын алу қажет болса, бірақ емханаңыздағы баға сізге қымбат болып көрінсе, бірнеше нұсқа бар.
Біріншіден, басқа емхананы немесе жекеменшік клиниканы таңдауға болады. Заң бойынша анықтаманы кез келген лицензиясы бар медициналық мекемеден алуға болады.
Екіншіден, тегін алу мүмкіндігін тексеру қажет. Егер сіз 18 жасқа толмаған болсаңыз, анықтама тіркелген емханада тегін берілуі тиіс. Үшіншіден, емханадан баға белгілеу принципін сұрап, қандай қызметтер анықтаманың бағасына кіретінін нақтылап алу керек. Төртіншіден, егер баға негізсіз жоғары болса немесе қызмет көрсету сапасы көңіліңізден шықпаса, шағымдануға болады.
Білгенге маржан
Шағымды емхананың бас дәрігеріне жазуға болады, ол бес жұмыс күні ішінде қарастырылады. Сонымен қатар, Қостанай облыстық Денсаулық сақтау басқармасына шағымдануға мүмкіндік бар, олар 15 жұмыс күні ішінде жауап беруі тиіс. Егер бұл шаралар нәтиже бермесе, жоғары тұрған органдарға немесе сотқа жүгінуге болады. Қостанайда 075/у анықтамасының бағасы әртүрлі.
Кейбір емханаларда бұл анықтама 4000–7000 теңге аралығында болса, басқаларында 20 000 теңгеден асады. Денсаулық сақтау басқармасы мұндай айырмашылықтың себебін медициналық мекемелердің әртүрлі шығындарымен түсіндіреді. Бірақ нақты түсініктеме алу қиын.
— Мемлекеттік емханаларда бір баға саясаты болуы керек деп ойлаймын. Бір жерде 4000 теңге тұрса, басқа жерде 20 мың теңге болуы ақылға қонымсыз, – дейді қала тұрғыны Ермек.
Ең бастысы – адамдардың өз құқықтарын білгені маңызды. Өйткені білмегендіктен, қаншама адам артық ақша төлеп жүр.
Сондықтан, ақшаны үнемдеу үшін бірнеше клиникаға хабарласып, ең қолайлы және арзан нұсқаны таңдаған жөн. Егер баға тым жоғары болып көрінсе немесе қызмет сапасына көңіліңіз толмаса, түсініктеме талап етіп, шағымдануға толық құқығыңыз бар.
Қарапайым тұрғын үшін медициналық анықтаманың бағасы неге әртүрлі болатынын, оның құнына қандай қызметтер кіретінін түсіну қиын.
Әсіресе, кейбір емханаларда баға бірнеше есе жоғары болғанда, бұл сұрақ өзекті бола түседі. Емхана әкімшілігі мұны жабдықтардың тозуы, дәрігерлердің жалақысы және басқа да шығындармен байланыстырады.
Бірақ бұл мәселелер медициналық мекеменің ішкі ұйымдастыру ісі емес пе? Егер құрал-жабдықтарды жаңарту қажет болса, неге оның шығынын тұрғындар көтеруі керек?
Осы мәселеге байланысты емханалар баға саясатын өздері белгілейтінін ескерсек, азаматтар өз құқықтарын жақсы білуі тиіс. Денсаулық сақтау басқармасының өкілдері кез келген адам 075/у анықтамасын өзі таңдаған емханадан ала алатынын, яғни тіркелген емханадан ғана емес, басқа медициналық мекемеден де алуына болатынын айтады. Бұл – азаматтар үшін өте маңызды мүмкіндік. Бірақ ең басты мәселе – халық осы ақпараттан қаншалықты хабардар?
Көп адам, әсіресе егде жастағылар немесе медициналық қызметтердің қалай жұмыс істейтінін терең білмейтіндер, емхана не айтса, соған көнеді. Оларға дәрігерлер қандай тексерулер қажет екенін айтып береді, ал пациент оны өзгерте алатынын, қажетсіз мамандарды тізімнен алып тастауға құқығы бар екенін білмеуі мүмкін.
Яғни, егер сізге анықтамада қосымша мамандардың тексерісі енгізілген болса, сіз олардан бас тартып, тек қажетті дәрігерлерге ғана қаралуға құқылысыз. Бұл да артық шығынның алдын алудың бір жолы.
Дегенмен, осы мәселеде ақпараттың жеткіліксіздігі байқалады. Егер әрбір азамат бұл туралы білсе, онда неге көпшілік әлі күнге дейін тек тіркелген емханасында ғана анықтама алуға міндетті деп ойлайды? Бұл ақпараттың халыққа толық жетпегендігінен бе, әлде кейбір медициналық мекемелерге мұны жасыру тиімді ме?
Шындығында, емханалар үшін қымбат анықтамаларды рәсімдеу қаржылық тұрғыдан тиімді болуы мүмкін. Сондықтан, азаматтар өз құқықтарын білуі және қажетсіз шығындарға жол бермеуі үшін, бірнеше медициналық мекемеге хабарласып, қызмет бағаларын салыстырып, ең қолайлы нұсқаны таңдағаны жөн.
Егер емхана қызметкерлері сіздің құқығыңызды шектесе немесе анықтаманың бағасы негізсіз қымбат болып көрінсе, заң аясында түсініктеме талап етіп, шағымдануға да болады.
Ең бастысы – адамдар бұл мәселені өздігінен зерттеп, қажетсіз шығынға ұшырамауы үшін ақпараттан хабардар болуы тиіс. Себебі білмегеннің кесірінен қаншама адам қалтасынан артық ақша шығарып, қымбат анықтамаға төлеп жатыр. Егер әр азамат өз құқығын білсе, мұндай жағдайлар азаяр еді.
Аяжан СЕРІК,
суреттерді түсірген Лариса БОЖКО