Қазақстандағы ұлттық келісімнің негізі
Қазақстандағы діндердің дамуы діни сенім бостандығы, рухани даму, елдегі азаматтық татулық пен конфессияаралық келісімді сақтау мен нығайтуға бағытталған мемлекеттің жүйелі саясатының нәтижесі болып саналады. Қазіргі таңда Қазақстанда 130 астам этностық және 18 конфессионалдық топ өкілдері тұрады. Елімізде олардың бейбіт өмір сүруі мен дамуы үшін қолайлы жағдай жасалған. Көпэтносты еліміздегі татулық пен келісім, мәдениеттер мен діндердің үндесуі әлемдік эталон ретінде танылған. Қазақстан жаhандық конфессияаралық үнқатысу орталығы болып саналады деп көрсетеді.
Діни ахуалдың жан-күйі, өсу қарқынына жасалған талдау өскелең ұрпақ өкілдерінде діндарлықтың артқанын байқатады.
Қазақстан тұрғындарының басым көпшілігі өздерін мұсылман санауы өзге діни сенімдердің толыққанды қызмет етуіне кедергі жасамайды. Тәуелсіздік алғаннан бері православиелік, католиктік, протестанттық қауым саны бірнеше есеге өсті.
Азаматтық қоғам институттарының — үкіметтік емес ұйымдар, Қазақстан халқы Ассамблеясы, сонымен қатар, бұқаралық ақпарат құралдарының дін саласындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асыруға белсенді қатысуы Қазақстандағы конфессиялық тұрақтылықтың нығаюында маңызды орын алады.
Бүгінгі таңда халықтың түрлі деструктивтік, соның ішінде жалған діни идеяларды мойындамаудағы нақты азаматтық ұстанымын қалыптастыру маңызды болып саналады.
Діндердің бейбіт өмір сүруі, экстремизмнің таралуына қарсы іс-қимыл, Қазақстанның ішкі саясатының басым міндеттері болып табылады.
Діни және этникалық негіздегі қақтығыстар, мәдени, әлеуметтік, саяси құқықтардың шектелуі, діни экстремизм мен терроризмнің мемлекеттің саяси жүйесінің тұрақсыздығына, халықаралық қатынастардың шиеленісуіне себеп болуы мүмкін екендігін есте сақтау қажет.
Қазақстандағы діни бірлестіктер туралы заңнама халықаралық сарапшылар тарапынан кеңестен кейінгі елдердің арасындағы ең көкейге қонымдысы деп бағаланады. Қазақстандағы дін өзін этностық немесе саяси қауымдастықтарға қарсы қоятын бәсекелес сипатында емес, халықтың рухани мәдениетінің қайталанбас, сонымен қатар ерекше бітім беріп тұратын құрамдас бөлігі тәрізді. Республикада ислам мен православиенің және басқа да діндердің арасында жарасымды сыйластық қарым-қатынас қалыптасқан.
Біздің еліміздің түрлі конфессиялармен өзара әрекеттестік орнату тәжірибесін халықаралық ұйымдар мен шетелдік серіктестер, соның қатарында БҰҰ, ЮНЕСКО, ЕҚЫҰ зерттеп зерделеуде.
Біздің қоғамда конфессияаралық үн қатысуды жалғастырып, рухани келісімді қазақстандықтардың күнделікті өмірінің ажырағысыз сипатына айналуына көңіл бөлініп отыр.
Қазіргі таңда Қазақстанда діни бірлестіктің ішкі ісіне араласпауға, діни сенімдерге құрметпен қарауға, заң алдында түрлі діни өкілдері тең дәрежеге ие болуына негізделген саясат жүргізілуде. Азаматтар арасында діни ағартушылық және тәрбие жұмысын, діндер мен діни бірлестіктердің қызметін заң шеңберінде өткізу, экстремизм мен терроризмнің алдын алудың маңызы өте үлкен.
Ж.А. Шаукенов, философия кафедрасының доценті
тарих ғылымдарының кандидаты