Қостанай қаласындағы №14 балабақша ата-аналары ғимараттың жағдайына алаңдаушылық білдіруде. Олардың айтуынша, балабақша шатыры жаңбыр жауған сайын ағып, бүлдіршіндер қолайсыз жағдайда ұйықтауға мәжбүр.
Ата-аналардың айтуынша, жазда шатырына жөндеу жұмыстары жүргізілмеген, ал күзгі жауын-шашын басталғаннан бері жағдай ушығып кеткен.
— Жауын жауған сайын су бөлмелерге ағады, әсіресе ұйықтайтын бөлмелердегі жағдай қиын. Ата-аналар өз күшімен шатырды тазалап көрді, бірақ одан еш нәтиже жоқ. Қабырғалар да су болып, балалар дымқыл ауада ұйықтауға мәжбүр. Мұның соңы түрлі ауруларға әкелуі мүмкін, — дейді ата-аналар.
Олардың сөзінше, ұзақ демалыс күндері балабақша қызметкерлері арнайы жылытқыш құрылғыларды пайдаланып бөлмелерді құрғатуға тырысқан. Алайда қар еріп жатқандықтан мәселе қайта туындайды.
— Қабырғалар қайта суланып, балалар ылғалды ауамен тыныс алуға мәжбүр. Соның салдарынан бронхит сияқты аурулар көбейіп жатыр. Басшылықтан балаларды уақытша басқа топқа ауыстыруды сұрадық, бірақ ол өтінішіміз орындалмады.
«Директор уәде бергенімен, мәселе шешілер емес»
Ата-аналардың айтуынша, балабақша басшылығына бірнеше рет шағымданған, бірақ нақты шаралар қабылданбаған.
— Бізге жөндеу жұмыстары жүргізіледі деп уәде еткен еді, бірақ іс жүзінде ештеңе жасалып жатқан жоқ. Біз балабақшадағы балалардың денсаулығы мен қауіпсіздігіне алаңдаймыз, — дейді.
Редакция бұл мәселе бойынша Қостанай қаласының білім бөліміне ресми сұрау жолдады. Ресми жауап алынған соң қосымша жариялайтын боламыз.
Айя ЖАРЫЛКАСЫНОВА,
бейнежазбаны ұсынған ата-аналар