Қостанай облысында 18 жасқа дейінгі балаларға тегін стоматологиялық көмек көрсететін жалғыз мемлекеттік мекеме – «Қостанай облыстық балалар стоматологиялық емханасы» КМҚК жекешелендіру тізіміне енгізілген, kostanaytany.kz хабарлайды
Үкімет тапсырмасына сәйкес, еліміздің барлық өңірінде балалар стоматологияларын жекешелендіру науқаны жүріп жатыр. Бұл бастама медицина саласының ардагерлері, сала мамандары мен ата-аналар арасында үлкен алаңдаушылық тудырып отыр.

Аталған емхана көптеген жылдар бойы балаларға ТМККК және МӘМС шеңберінде тегін стоматологиялық көмек көрсетіп келеді және өңірдегі балалар денсаулығын қорғауда маңызды әлеуметтік функция атқарады. Қазіргі таңда мұнда аз қамтылған және әлеуметтік осал отбасылардың балалары, мүгедектігі бар балалар, ауыл, аудандардан келген пациенттер, мектепке дейінгі ұйым тәрбиеленушілері мен мектеп оқушылары, сондай-ақ жедел стоматологиялық көмекті қажет ететін балалар ем алады.
Сонымен қатар емханада туа біткен жақ-бет аймағы патологиясы бар балаларға (жоғарғы еріннің, жұмсақ және қатты таңдайдың біржақты және екіжақты жырықтары) жаңа туған кезеңнен бастап 18 жасқа дейін кешенді көмек көрсетіліп, арнайы стоматологиялық аппараттар МӘМС қоры есебінен дайындалады.
Ауыл балалары үшін жалғыз мүмкіндік
Облыстық балалар стоматологиясы – өңірдегі балаларға арналған жалғыз мемлекеттік, мамандандырылған және тегін емхана. Ауыл тұрғындары үшін бұл мекеменің маңызы ерекше. Денисов ауданының Қырым ауылынан келген Елена Мусина қызын ай сайын 160 шақырым жерден Қостанайға әкелуге мәжбүр.

Қоғамдық көлік қатынасы болмағандықтан, таксимен жүреді. Бұл жолдың өзі отбасы бюджетіне айтарлықтай салмақ түсіреді.
«Ай сайын келеміз. Таксиге бір жаққа 10 мың теңге, барып-қайтуға 20 мың теңге кетеді. Ал жекеменшік емхана болса, оған шамамыз жетпейді. Қаражатымыз көтермейді», – дейді ол.
Жекешелендірудің салдары қандай?
Медицина саласының ардагерлері балалар стоматологиясын жекешелендіру бұрынғы қателіктердің қайталануына әкелуі мүмкін деп алаңдайды. 1990-жылдары ересектерге арналған стоматологиялар жекешелендірілгеннен кейін, халықтың көп бөлігі тісін емдете алмай жүргенін айтады.
Мсәелен, облыстық «SENIM» денсаулық сақтау жүйесі қызметкерлері кәсіподағының төрағасы, облыстық мәслихат депутаты Татьяна Булгацевич жекешелендірудің ұлт денсаулығына оң әсер етпегенін атап өтті.

«Бүгінде 50 жасқа келген азаматтардың басым бөлігінде тіс жоқ. Жекешелендіру ұлт денсаулығын жақсартқан жоқ. Балалар стоматологиясын жекешелендіру денсаулық туралы емес, тек пайда туралы шешім», – дейді ол.
Сала мамандарының айтуынша, жекешелендіру стоматологиялық қызметтердің қымбаттауына, профилактикалық іс-шаралардың қысқаруына, балалар стоматологиясындағы тар бейінді мамандықтардың жойылуына және асқынған диагнозы бар балаларға көрсетілетін көмектің сапасының төмендеуіне әкелуі мүмкін. Бұл мемлекеттік бағдарламалардың орындалмауына және балалардың стоматологиялық денсаулығының нашарлауына себеп болады.
Әсіресе, ауыл, аудандардағы балалар үшін бұл шешімнің әлеуметтік-экономикалық салдары ауыр болмақ. Қаржылық жүктеменің артуы, жол жүру мен тұру шығындары, жоспарлы және шұғыл көмектің қолжетімділігінің төмендеуі салдарынан кей жағдайда толыққанды емнің орнына тіс жұлуға мәжбүрлік туындайды.
Облыс билігінің ұстанымы
Қостанай облысы әкімінің орынбасары Гүлбарам Мұсағазина өңір бұл емхананы мемлекеттік бюджетте сақтап қалуға дайын екенін мәлімдеді.
«Жекешелендіру жөніндегі комиссия ел аймақтарындағы балаларға арналған барлық стоматологияларды жекешелендіруді талап етіп отыр. Қазіргі таңда Қостанай облысын қоса алғанда, төрт өңірден басқасының бәрі жекеменшікке өткен. Біз бас тартып отырған жоқпыз, қаржыландыра аламыз. Тек жекешелендіру жоспарынан алып тастау қажет. Бұл мәселе Қаржы министрлігінде қарастырылып жатыр», – деді ол.
Мемлекеттік стоматологияны сақтау қажет
Сала ардагерлері мемлекеттік балалар стоматологиясын жекешелендірмей, керісінше, қайта дамыту қажет деп санайды. Жаңа ғимарат салу, заманауи емдеу әдістерін енгізу, ғылыми-сараптамалық жұмыстарды жандандыру арқылы бұл мекеме ұлт саулығына елеулі үлес қоса алады.
Балалар денсаулығы – мемлекеттің стратегиялық басымдығы. Сондықтан қоғам бұл мәселеде салмақты әрі әлеуметтік жауапты шешім қабылданады деп үміттенеді.
Гүлзада НҰРМАҒАНБЕТОВА, фото: kostanaytany.kz

































