Жуырда жұмысының ағымдағы жылдың тоғыз айына есеп берген Жангелді ауданының әкімі Дінмұханбет Бидашев облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың аппараттық кеңесте Жангелді ауданынан «Игілік», «Жайлау» және «Береке» бағдарламалары бойынша бірде-бір өтінім түспегені жайлы айтқан сынына жауап берді.
«Бағдарлама 2026 жылы жоспарды бекіткенде пайда болды. Ережелері шілдеде бекітілді. Облыс әкімі “ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерден бірде-бір өтінім түскен жоқ” деп айтты… Ол әлі “Тобол” ӘКК-не құжат ретінде тапсырылған жоқ. Мы не участники программы әлі», — деді аудан басшысы.
Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Қазақстан Үкіметі Мал шаруашылығын дамытудың 2026–2030 жылдарға арналған кешенді жоспарын мақұлдаған болатын. Бұл стратегиялық құжат отандық асылтұқымды мал шаруашылығының әлеуетін нығайтуға, табынның генетикалық сапасын жақсартуға және саланы жүйелі түрде жаңғыртуға бағытталған.
Алайда, мемлекеттік маңызы бар бұл реформа Жангелді ауданына келгенде тасқа соғылғандай тоқтап тұр. Аудан басшысы “құжаттар әлі әзірленуде” деп құрғақ жауап берді.
«Өлтіріп алсақ не істейміз?»: Тәуекелден қашқан әкімдік пе, әлде шаруалар ма?
Аудан әкімі Дінмұханбет Бидашевтің тағы бір уәжі — аймақтың климаты мен импорттық малдың қымбаттығы. Оның айтуынша, Жангелдінің жартылай шөлейтті ауа райына Австралия, Ирландия елдерінің асыл тұқымды малы шыдамайды-мыс.
— Екі бағдарлама бойынша біздің климат келмейді… Оның үстіне “Береке” сияқты бағдарламалармен асыл тұқымды малды шетелден алып келуге қорқады. Ондай тәжірибе жоқ бізде. Ертең алып келіп өлтіріп алсақ не істейміз? Ол — шығын. Тем более оның бір басы 4 миллион теңге! — дейді аудан әкімі.
Мал өлімінен қорқып, заманауи агротехнология мен асыл тұқымды мал өсіру тәжірибесінен бас тартқаны несі? Әкімнің бұл жауаптарына ғылыми негіз бар ма? Тіпті оның: «Ертең Әулиекөл, Алтынсарин аудандарына әкеледі. Егер оларда жерге сіңісіп кетсе, онда біз де әкелуге дайынбыз», — деген мәлімдемесі мемлекеттік қызметкердің емес, сырттан бақылап отырған көрерменнің сөзіне көбірек ұқсайды.
Әйтпегенде малшаруашылығын дамыту туралы кешенді жоспарды Үкімет кейбір аудандар тәжірибе жасап көрсін деп емес, Жангелді сияқты мал кіндігі үзілмеген өңірлерді түлету үшін қабылдады емес пе?
323 шаруа қожалығының 80 пайызы неге тыс қалып отыр?
Жангелді ауданының әкімінің сөзінше, ауданда 323 шаруа қожалығы бар. Көбі отандық мал сатып алуға бағытталған «Жайлау» бағдарламасына бетбұрыс жасап отыр. Алайда, осы күнге дейін «Нұр», «Жаркөл», «Саден», «Аянбай» сияқты саусақпен санарлық қана қожалықтар құжат әзірлеуде. Қалған 250-ден астам шаруа қожалығы әзірге аталған бағдарламалардың тиімділігін көрмей отырғандай.
Әкімдік тарапынан бағдарламаларды насихаттау, шаруаларға құжат жинауға көмектесу және оларды төмен пайыздық несиеге ынталандыру жұмыстары жүргізілмейді ме? Мұндағы тағы бір туындап отырған заңды сұрақ, егер аудандағы жалғыз «Баракат» шаруа қожалығы 1200 бас импорттық мал әкелуге тәуекел етіп, құжат жинай алса, демек, мәселе климатта емес, әкімдіктің түсіндіру-ұйымдастыру қабілетінде емес пе?
Еліміздің агроөнеркәсіптік кешеніндегі ең басты стратегиялық міндеті — мал басын асылдандыру болып тұрған шақта, Жангелді ауданы әкімдігінің «біз әлі қатысушы емеспіз», «ертең мал өліп қалса қайтеміз? Бір басы ғана 4 миллион» деп сылтау айтуы — бәлкім, мемлекеттік саясатқа селқос қарауы шығар? Облыс әкімінің сыны орынды. Себебі Жангелді секілді миллиондаған гектар маусымдық жайылымдар мен шабындық жерлері бар ауданның малға қолайлылығы мәлім. Сонда аудан басшысының күмәні мен қорқынышы қаншалықты орынды?
Қаратай ҚЫПШАҚ, сурет Өңірлік коммуникациялар қызметінен
