Қостанай қаласы әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің тапсырысы бойынша «Жанашыр бол» қоғамдық қоры «Жастар арасындағы құқық бұзушылық пен қылмыстың алдын алу, бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған және пробация қызметінің есебінде тұрған адамдарды бейімдеу» жобасы аясында Ы.Алтынсарин кесенесінің маңайында сенбілік өткізді.
Бұл шараға Қостанай ауылшаруашылығы колледжінің агроном мамандығының 3 курс студенттері тартылды. Мұнда олар ұлт ұстазының өмірі мен шығармашылығы жайында мәліметтер тыңдап, кесененің маңындағы қоқыстарын жинады.
-Жастардың осындай өңіріміздегі қасиетті жерлеріне жиі барып тұрғаны дұрыс деп ойлаймын. Міне, бүгін Ыбырай Алтынсариннің кесенесіне келген студенттерге мол мәлімет берілді. Сонымен қатар олар мұнда келіп ғана кетпей мұндағы қоқыстарды жинастырды. Бұл үлкен тәрбие. Олар жүрген жерлерінде қоқыс тастамау керектігін көңілдеріне түйді. Сондай-ақ өздері ғұмыр кешіп жатқан өлкенің тазалығына үлестерін қосты, — дейді ауылшаруашылық колледжінде агроном мамандығы бойынша білім алып жатқан студенттердің жетекшісі Орынбай Алиев.
Сенбілікке қатысқан студенттердің бірі Келдібек Вата:
-Мен ұлтымыздың мақтанышына айналған ұлы тұлғаның кесенесіне алғаш келіп тұрмын. Мұндағы қоқыстарды жинап, кесененің тазалығына үлес қосқаныма қуаныштымын, — деді.
Осылайша сенбілік барысында студент жастар өздерінің тазалыққа құштарлықтарын танытты.
Аягөз КӘКІМЖАНОВА