Ауылға деген махаббат ән шырқаудан аспай тұр
Біздің қазақ ауылды қатты жақсы көреді. Бірақ сөз жүзінде ғана. Ойпырым-ай, отырыстарда «Ауылым, аңсадым!» деп зарлап ән салғанда сай-сүйегіңді сырқыратады, kostanaytany.kz хабарлайды.
Егіліп естеліктер жазады. «Ауылдар құрып бара жатыр» деп тоңқылдап ашуланып, әлдекімдерге кіжінеді. Әлдебіреулерді кінәлайды. Сонымен болды. «Соншама сағынып жүрсең ауылға барып тұрсаңшы» десең ат тонын ала қашуға ұялғанымен қырық сылтауы дайын. Әйтеуір қазір адамдар ауылда тұрғысы келмейді. Сәл мүмкіндік туса қалаға көшеді. Қалай болғанда да сонау тоқсаныншы жылдары басталған бұл үрдіс әлі тоқтамай тұр.
Ашық дереккөздердегі мәліметтерге сүйенсек 2000-шы жылдары Қазақстанда 7 жарым мыңнан аса ауыл болыпты. Ал қазіргі саны 6 мың 200-ден сәл асады. Яғни, 20 жылдай уақыттың ішінде мың жарымға жуық ауыл жойылған. Қостанай облысында 2004 пен 2024 жылдар аралығында 274 елді-мекен қысқарыпты. Әрине, олардың бәрін ешкім күштеп таратқан жоқ, ел көшкен соң арнайы қаулы қабылдап карта бетінен өшіруге тура келген.
Көшкен жұрт қайда барады? Әрине, Астанаға, болмаса облыс орталығына қоныстанады. Содан келіп қаладағы халықтың саны артып, ауылдағы адам саны кеміп барады. Мысалы Қостанай облысында 800 мыңнан аса тұрғын болса, соның 63 пайызы қалада, 37 пайызы ауылда тірлік кешіп жатыр.
Жұрт ауылдан неге көшеді? Бұл сұраққа осы үдерісті зерттеп жүрген сарапшылар да, қарапайым адамдар да алдымен жұмыстың жоқтығынан деп жауап береді. Болған күнде де айлығы аз. Инфрақұрылым нашар. Яғни, жол сапасыз, соның кесірінен қатынас қиын. Табиғи газ тартылмаған ауылда үйіңді түтінмен ыстап, күлін бұрқыратып от жағуға тура келеді. Қолайсыз, әрі қолыңды байлайды. Ол аздай көмір удай қымбат. Мысалы орташа бір үйге қысқы жылу маусымына дайындалу үшін кемі 200 мың теңге қаржы шығару қажет. Сапалы ауыз судан да ауыл жұрты ұзақ жылдар бойы тарығып келді. Жауапты орындар бұл мәселе 2025 жылы Қостанай облысында толық шешілді деп есеп берді. Дегенмен ауылдардың бәрінде қаладағыдай құбыр үйге кіріп тұрған жоқ. Жиі ақау шығып сапасы бұзылып жататыны тағы бар.
Адам азайды, мал көбейді
Әйтсе де елдің бәрі ауылдан жағдай нашар болғасын көшіп жатыр деуге мүлде болмайды! Мысалы өзім туып-өскен Жангелдин ауданындағы Ахмет Байтұрсынұлы ауылында біздің бала кезімізде орталық су желісі болған емес. Асфальт жол да салынбаған. Тұрғындар ауыз суды жазда көлікпен тасыса, қыста іргедегі Жыланшық өзенінің мұзын ерітіп ішетін. Сонда да ауылдан ешкім көшейтін еді. Жалғыз бұл ауыл емес, көптеген елді-мекендерде жағдай осындай болды. Мұның себебі кеңес үкіметі қалаға қоныстануды барынша шектеді және кеңестік шаруашылықтардың (совхоздар) аумағында тұратын адамның бәрі бейресми түрде сол құрылымның басыбайлы меншігіндей саналатын. Директордың батасын алмай ешкім беталды көшіп кете алмайды. Яғни, көші-қон барынша қатты қадағаланды. Адамдардың қалаған жеріне қоныс аударуына мүмкіндігі аз еді. Мүлде жоққа тән десе болады. Қазір керсінше кім қайда тұрамын десе де оған еш шектеу жоқ. Ал адам баласы қашанда жайлы тұрмыс, жақсы өмірге ұмтылады.
Әйтпесе мемлекет тарапынан ауылдарды дамыту үшін атқарылып жатқан жұмыс аз емес. Яғни Қазақстан Үкіметі қол қусырып қарап отырған жоқ. Ауыз су мәселесі толық шешілгенін жоғарыда айттық. Кезінде мұз ерітіп ішкен біздің Ахмет Байтұрсынұлы ауылында да орталық желі бар. Су әр үйге кіріп тұр. Жоғары жылдамдықты интернет жұмыс істейді. Осындай игілікті көптеген ауылдар көріп отыр. 2000-шы жылдардың соңынан бастап 2020 жылға дейін Қарабалық, Федоров, Қамысты, Әулиекөл аудандарына табиғи газ тартылды. Қостанай ауданының бірнеше ауылына да көгілдір отын жеткізілді. Алайда көші-қон бәрібір тиылмай тұр.
Жангелдин ауданының әкімі Дінмұхамед Бидашевтің айтуынша осы ауданды 1989 жылғы санақ бойынша 33 мың адам мекендеген екен. Қазіргі саны 10 мың 500 ғана. Және бұл үрдіс өте жылдам жүріп жатыр. Мысалы осыдан 3-4 жыл бұрын 12 мыңдай тұрғын болған. Аз уақытта олардың саны 2 мыңға дейін қысқарып отыр.

«Тұрғындар тұрмыстың нашарлығынан көшіп жатыр деп есептемеймін – дейді Дінмұхамед Бидашев. — Керсінше жағдайы жақсы отбасылар қаладан пәтер сатып алып кетіп жатыр. Ал қаладағы пәтердің құны арзан болмайтыны баршаға мәлім. Яғни оны сатып алу үшін қыруар қаржы керек. Бірақ адам саны азайғанымен мал саны көбейіп келеді. Мысалы 2025 жылы сиыр 49 мыңға жетті. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 5,1 пайызға көп. 70 мыңға тарта ұсақ мал бар. Өсім 8,1 пайыз. Сонымен қатар 136 түйе, 19 мың жылқы бар. Мал санының көбеюіне мемлекеттің ауылшаруашылығын қолдауға арналған бағдарламалары себепші. Мысалы былтыр тек мал тұқымын асылдандыру бойынша шаруа қожалықтарына 86 млн теңге берілді».
Әріптесінің пікірін Амангелді ауданының әкімі Қанат Кеделбаев та қоштап отыр.

«Қазір мемлекеттен берілетін түрлі жеңілдіктер, тиімді ипотекалық бағдарламалардың арқасында қаладан баспана алу барынша оңайлады. Сондықтан шаруашылық жүргізіп, белгілі бір кәсіппен айналысып жүрген, тұрмыстық деңгейі жоғары адамдар көшеді. Кезінде 30 мыңға жуық халқы болған ауданда қазір 12 400 адам ғана қалды. Біздің ауданда да тұрғындар азайғанымен мал саны көбейіп келеді. 570 шаруа қожалығы тіркелген. Олар 2 мыңға тарта адамды жұмыспен қамтып отыр. Бұл жақсы көрсеткіш», – дейді Қанат Кеделбаев.
Көшіп келгеннен көшіп кетуші көп
Мемлекеттің көші-қонды реттеу үшін тағы бір қолға алған шаруасы – еліміздің халқы тығыз отырған оңтүстігінен ел сиреген солтүстікке көш басын бұру еді. Қостанай облысы бойынша еңбек мобильділігі орталығы директорының орынбасары Ерлан Мушаевтың айтуынша 2017-ші жылдан бері еліміздің әр өңірінен Тобыл-Торғай атырабына 6 мыңға тарта адам келіпті. 2025-ші жылы Қостанай облысына осы бағдарламамен 700-ге жуық адам қоныс аударған. Отбасының әр мүшесіне 275 мың теңге бір реттік жәрдемақы және үйді жалға алуға 20-30 айлық есептік көрсеткіш көлемінде көмек берілген. Ал құны 10 млн теңгеге дейін баспана сатып алса, соның жартысын мемлекет өтейді. Бірақ жыл өткен сайын облыс жұртшылығының саны азайып бара жатқанын ескерсек, бұл бағдарлама да күткендей нәтиже берді деуге келмейді. Яғни көшіп келгендерден көшіп кетушілер анағұрлым көп.
Ал Сарыкөл аудандық ауруханасының фельдшері Дулат Елеусіз қаладан ауылға «Дипломмен ауылға» бағдарламасымен қоныс аударыпты. Келген жерінен қызметтік үй, 200 айлық есептік көрсеткіш көлемінде бір реттік жәрдемақы алған.

«Ауылда тұрғанның қиыны от жағу – деп жымияды жас жігіт, — ол аздай отын қымбат. Ал жақсы жағы – жалақымыз жоғары. Қазір мен қаладағыдан екі есе көп айлық аламын».
Иә, ауылдық жерде еңбек еткені үшін медицина қызметкерінің айлығына 15 пайыз үстемеақы, педагогтарға 25 пайыз үстемеақы қосылады. Жас маман келсе бар жағдайын жасап алақанға салып қарсы алады. Сонда да ауылға барам деп құлшынып тұрғандар аз. «Мұның себебі не?» деймін Дулат Елеусізге қарап. Оның айтуынша, қазір жастар көп бейнеттенгісі келмейді, жалқаулық та бар.
Иә, бұл уәжді де жоққа шығара алмайсың. Қамысты ауданының әкімі Ерлан Жаулыбаевтың да пікірі осыған саяды.

«Жазда ауылдың малын бағатын адам табылмайды. Мысалы айлық табысы 1 млн 200, 1 млн 300 теңгеге жетеді. Сонда да ешкім шықпайды. Рас, мал бағу бейнеті көп ауыр жұмыс. Дегенмен күнкөрістен шын қиналып жүрген адам одан қашпайды. Қарап отырсаңыз оңай жұмыс жоқ қой. Қазір біздің аудан малшы, механизатор, жалпы ауылшаруашылығы жұмысшыларының тапшылығын тартып отыр. Қанша жағдайын жасап жатсаң да ауылда жас мамандардың тұрақтап қалуы қиын» — деп сөзін түйіндеді әкім мырза.
Ауылды ауыр еңбектен қашпайтын азаматтар ғана құтқарады
Жайлы тұрмыс іздеп жұртшылықтың жаппай ауылдан қалаға ағылуының соңы неге соқтыруы мүмкін? Бәлкім көпшіліктің өз еркімен болып жатқан бұл үрдісті қолдан түзеудің қажеті де жоқ шығар? Осы сауалды экономика ғылымдарының phD докторы Дархан Ахметовке қойған едік.

«Әрине, бұл үрдістің жақсы жақтары да бар. Экономикалық жағынан алсақ халықтың қалаға шоғырлануы агломерациялық тиімділікті арттырады. Яғни еңбек өнімділігі өседі. Инновация жылдам тарайды, бюджет қаржысын үнемдеп инфрақұрылымды дамытуға тиімді. Мысалы жүздеген шақырым жердегі ауылға энергия көздерін жеткізу, су тарту, жол салудың шығыны көп. Қалада бұл оңай. Шығыны аз, тиімділігі жоғары. Алайда теріс салдары да ауыр. Бұлай жалғаса берсе аймақтық теңсіздік күшейеді. Адам аздығынан қаржы бөлінбегесін ауылдардың инфрақұрылымы, әлеуметтік ахуалы төмендеп, онда қалған тұрғындардың тұрмысы қиындайды. Азық-түлік қауіпсіздігіне нұқсан келеді. Ал бұл дегеніңіз тікелей елдегі саяси тұрақтылыққа, одан қалды тәуелсіздікке қауіпті. Геосаяси жағдайды да күрделендіруі мүмкін. «Бос жерге жау көз тігеді» деген сөз бар. Сондықтан бұл үрдіс мемлекет тарапынан реттелмесе соңы осындай келеңсіздіктерге соқтыруы әбден ықтимал. Ауылдар сақталып қалуы үшін әр елді-мекеннің өз-өзін асырап, басты қажеттіліктерімен қамтамасыз ететіндей, бәсекеге қабілетті кәсібі болуы керек», — дейді Дархан Ахметов.
Қорыта айтқанда ауылдардың азаюы бүгінгі қоғамды алаңдатқан мәселеге айналды. Өкінішке қарай мемлекет тарапынан там-тұмдап істеліп жатқан жұмыс айтарлықтай нәтиже бермей тұр. Сондықтан бұл салаға түбегейлі өзгеріс керек. Қазіргі нарық жағдайында ешкімді ауылға күштеп көшіре алмайсың. Әрі берідесін бұл адам құқын бірінші орынға қоятын Ата заңымызға да қайшы. Қайтпек керек?
Біріншіден ауылға азаматтар өз еркімен қоныс аударатын немесе тұрақтап қалатындай жағдай жасау. Бұл тек инфрақұрылымды қаламен теңестіру емес, ауылды мол табыс табатын орынға айналдырғанда ғана жүзеге асады. Ол үшін ауылға барып кәсіп ашқысы келгендерді қаржылай қолдау, белгілі бір салық түрлерінен босату жағы қарастырылғаны жөн. Жуырда жергілікті журналистер осы мәселені ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Анас Баққожаевпен кездесуде де көтерді. Анас Баққожаев «Азаматтарды ауылдарда тұрақтандыру үшін жерді жеке меншікке беру мәселесін қарастырса қалай болады?» деп ой тастады. Депутаттың айтуынша жеке меншіктің болуы азаматтардың ауылмен байланысын нығайтады. Қазіргі жағдайда тұрғындарды ол жерде ештеңе ұстап тұрған жоқ. Ал жерді жеке меншігіне алған жергілікті кісі оны иесіз тастап кетпейді, игеріп, өңдеп, кәсіп ашуға, табыс табуға талпынады. Алайда бұл әзір тек кездесу барысында айтылған пікір ғана.
Қазақтың кең даласы ырыс пен құт-берекенің қайнар көзі. Тек аграрлық сала емес, саятшылық, тарихи-танымдық, емдеу-сауықтыру туризмі бойынша да әлеуеті зор. Қаланың қызылды-жасылды қызығына құмартып, қойнауына осындай шексіз байлық тұнған иен жерді иесіз тастау — піскен жемісті жинамай ысырап қылғанмен бірдей. Бейнетсіз зейнет жоқ. Сондықтан сайын далаға жан беріп тұрған ауылдарды сақтаудың, көркейтудің жалғыз жолы маңдайдың терін сорғалатып, аянбай еңбек ету. Сонда ғана оң нәтиже көруге болады. Ал «Ауылым – алтын бесігім» деген тәрізді әдемі сөзден, зарлап ән салып, егіліп езілгеннен, әлдекімге кіжінгеннен ештеңе өнбейді.
Дәуренбек ӘБДІБЕК

































