Ғимарат жылусыз қалып, төбесінен су ағып жатыр
Денисов ауданына қарасты Жалтыркөл ауылындағы мәдениет үйінің қазіргі жағдайы жұртшылықты алаңдатып отыр. Ауыл тұрғындарының айтуынша, көп жылдан бері елге рухани қызмет көрсетіп келген нысан бүгінде жарамсыз күйге түскен.

Қыстың қақаған аязында ғимараттың іші суық, бөлмелерде жылу жоқ. Төбеден аққан су күн суытқан сайын қатып, мұзға айналған. Мұндай жағдай мәдениет үйінде жұмыс істеуге де, шара өткізуге де мүмкіндік бермей отыр. Нысанның ішкі ахуалын ауылдағы мәдениет ұйымдастырушысы Наталья Павленко бейнежазбаға түсіріп, редакцияға жолдаған.
Аталған мәдениет үйі 1996 жылы пайдалануға берілген. Осы уақыт аралығында мұнда хор, вокал, хореография ұжымдары мен балаларға арналған үйірмелер тұрақты жұмыс істеп, түрлі байқаулар мен фестивальдер ұйымдастырылған. Тіпті 2012 жылы Жалтыркөл мәдениет үйі Қостанай облысындағы үздік ауылдық мәдениет ошақтарының бірі ретінде танылған.

Алайда ғимарат салынғалы бері бірде-бір рет күрделі жөндеуден өтпеген. Соның салдарынан төбесі ағып, залдары мен бөлмелері апатты жағдайға жеткен. 2022 жылы жылыту жүйесінде ақау пайда болып, арада бірнеше жыл өткен соң, 2025 жылы жүйе мүлде істен шыққан. Қазіргі таңда мәдениет үйі толықтай жылусыз отыр. Әлеуметтік желіде тараған бейнежазбаларда ғимараттың іші ылғалды, суық, ал төбелерінде мұз қатқаны анық көрінеді.

Осы мәселеге байланысты Денисов аудандық мәдениет бөлімі редакцияға нысанның жағдайына қатысты мәлімет берді.
— 2024 жылдың наурыз айында Жалтыркөл ауылдық мәдениет үйі “Арай Холдинг” АҚ-ға қарасты “Баталинское” ЖШС-нан аудандық мәдениет бөлімінің балансына қабылданды. Ғимарат 1996 жылдан бері күрделі жөндеу көрмеген, жылыту жүйесі аяздан жарылған, жалпы жағдайы жарамсыз күйде тапсырылды. 2025 жылдың тамыз айында мәдениет үйін күрделі жөндеуден өткізу үшін жобалық-сметалық құжаттама әзірленді. 2026 жылға аталған нысанды жөндеуге бюджеттен қаржы бөлуге өтінім берілді, — дейді олар.
Қазіргі уақытта жергілікті бюджет есебінен төрт мәдениет қызметкерінің жалақысы төленіп отыр. Сонымен қатар, ғимаратқа уақытша жылыту жүйесін орнату жұмыстары басталды. Аталған жұмыстар 2026 жылдың қаңтар айының соңына дейін аяқталады деп жоспарлануда.
Кымбат ДОСЩАНОВА

































