Соңғы бірнеше ай бойы интернет кеңістігінде Ресей Федерациясы аумағындағы, әсіресе Сібір мен Еділ бойы өңірлеріндегі жануарлар аурулары кеңінен талқыланып жатыр
Ресми деректерге сәйкес, тез таралатын «ауруға» байланысты мал жаппай тәркіленіп, жойылуда. Бұл жағдай Қазақстанмен шектесетін аймақтарда да тіркелген. Осы тұста бірқатар маңызды сұрақтар туындайды, Қостанай облысының аудандарында бұл індеттің таралу қаупі бар ма? Егер қауіп төнсе, оған қарсы іс-қимыл жоспары дайын ба?
КӨРШІЛЕРДЕ
2026 жылдың басынан бері Новосибирск облысы мен Ресейдің өзге де өңірлерінде мыңдаған бас мал иелерінен алынып, жойылған. Қазіргі таңда 10-нан астам өңірде ресми түрде карантин енгізілді. Олардың қатарында Қостанай облысымен шектесетін Курган облысы да бар.
Төтенше шаралардың негізгі себебі ретінде жұқпалы аурулардың таралуы аталды. Атап айтқанда, пастереллез, құтыру және шошқаның африкалық обасы. Кейбір аудандарда мал ауру белгілері байқалмаса да жаппай тәркіленуде. Жергілікті билік өкілдерінің айтуынша, бұл індеттің таралуын болдырмау мақсатында жасалып отыр.
Сонымен қатар, бұл жағдайға байланысты түрлі болжамдар да пайда болды. БАҚ пен әлеуметтік желі қолданушылары арасында қызу пікірталас жүріп жатыр. Біреулер мұны монополиялық астыртын әрекетпен байланыстырса, енді біреулер уланған жем-шөп туралы айтады. Тағы бір топ «қолдан аштық ұйымдастыру» теориясын алға тартады, ал басқалары ауыл шаруашылығы жануарлары арасында аусыл індеті әдейі жасырылып отыр деп есептейді.
Халық наразылық білдіріп, митингілерге шығып, президентке үндеу жолдауда. Алайда Ресей билігінің жауабы нақты, мал арасында бірқатар қауіпті инфекциялар таралуда, бірақ олардың қатарында аусыл жоқ.
Қазіргі таңда ресми себеп ретінде пастереллез көрсетілуде. Бұл — салыстырмалы түрде жеңіл өтетін инфекция, антибиотиктермен емделеді, әдетте, жануарларды жаппай жоюды талап етпейді (құс шаруашылығын қоспағанда). Бұл туралы Ресей Ауыл шаруашылығы министрлігінің бұйрығында да айтылған.
Соған қарамастан, мал жаппай сойылып жатыр. Оны фермерлерден кейде күшпен тартып алып, нақты түсіндірмесіз жою жағдайлары да кездесуде.
Алайда жуырда жарияланған «Новая газета» зерттеуінде басылым журналистері малды жаппай тәркілеу мен індеттің негізгі себебі ретінде аусылды қарастырады. Басылым дерегінше, анонимді дереккөзге сүйенген, оның артында ірі ресейлік агробизнес өкілі болуы мүмкін. Ол 2026 жылдың ақпанында аусылға байланысты мыңдаған бас малды жаппай союға және өртеуге мәжбүр болған.
— Аусылдың клиникалық белгілері айқын. Аурудың өңірден асып кеткені белгілі болды және ол өте жылдам таралған. Өкінішке қарай, бұл дертпен күресудің әзірге бір ғана жолы бар — ошақты толық жою және өртеу. Яғни барлық жерде солай істейді, Еуропада да, Америкада да. Бізде де солай, — деп хабарлаған дереккөз «Новая газета» тілшілеріне.
Басылым тағы бір маңызды сұраққа жауап іздейді, егер бұл аусыл болса, неге оны жасыру керек? 2025 жылдың мамырында Ресейге Дүниежүзілік жануарлар денсаулығы ұйымы аусылдан таза ел мәртебесін берген болатын.
Бұл мәртебе экспорт үшін аса маңызды, індет тіркелсе, басқа елдер ет пен сүт өнімдерін әкелуге тыйым салуы мүмкін. Бұл өз кезегінде үлкен экономикалық шығындарға әкеледі.
АЙЫРМАСЫ
БАҚ пен әлеуметтік желілерде түрлі пікірлер айтылғанымен, біз үшін ең маңыздысы — аурулардың айырмашылығын түсіну. Ресей шенеуніктері ресми түрде пастереллезді атайды, ал кейбір болжамдарда жасырын қауіп ретінде аусыл көрсетіледі.

Ересек мал жыл басында вакцинацияланады
Бұл айырмашылықты ветеринар дәрігер, биология ғылымдарының магистрі Светлана Хорошова түсіндірді.
— Аусыл мен пастереллез табиғаты жағынан мүлде бөлек аурулар, бірақ оларды жиі қате түрде бір қатарға қояды. Аусыл — вирус, әрі жануарлар арасындағы ең жұқпалы дерттердің бірі. Ол жанасу, ауа, құрал-жабдық, киім арқылы өте жылдам таралады. Егер шаруашылықта пайда болса, бірден жайылып кетеді. Ал пастереллез — бактериялық инфекция. Ол да ауыр өтуі мүмкін, бірақ соншалықты тез таралмайды және ең бастысы — емдеуге болады. Негізгі айырмашылық осында, аусыл емделмейді, тек тоқтатылады, ал пастереллез антибиотиктермен емделеді, — дейді маман.
Аусыл кезінде басты мақсат — індеттің таралуына жол бермеу. Сондықтан карантин енгізіліп, жиі жағдайда малды жоюға тура келеді. Ал пастереллез кезінде, керісінше, малды сақтап қалуға тырысады, емдейді, оқшаулайды және алдын алу шараларын жүргізеді.
— Салдары жағынан да айырмашылық бар. Аусыл — ең алдымен экономикалық апат, оның салдарынан экспорт тоқтатылады, шектеулер енгізіледі, көп мал басы жойылуы мүмкін. Ал пастереллез көбіне нақты жануарлардың денсаулығына және оларды ұстау жағдайына байланысты. Ол көбінесе иммунитеттің әлсіреуі, күйзеліс, нашар күтім салдарынан пайда болады. Қарапайым тілмен айтқанда, аусыл — жылдамдық пен ауқым туралы, ал пастереллез — басқарылатын инфекция. Сондықтан оған қолданылатын шаралар да әртүрлі, бірінде қатаң тоқтату қажет, екіншісінде емдеу мен профилактика жүргізіледі, — деп атап өтті Светлана Николаевна.
Өкінішке қарай, бүгінгі таңда аусылды тоқтатудың жалғыз тиімді жолы — малды жаппай жою және қатаң карантин енгізу. Бұл «қатігездік» үшін емес, індеттің таралуын басқа жолмен тоқтату мүмкін еместігінен жасалады.
Бұл туралы ресейлік блогерлер де, бұқаралық ақпарат құралдары да жазып жатыр. Ресми нұсқа — пастереллез болғанымен, қолданылып жатқан шаралар аусылға қарсы күрес әдістеріне ұқсайды. Дәл осы айырмашылық қоғамда алаңдаушылық туғызып отыр.
ҚАУІП БАР МА?
Қазіргі таңда ауыл шаруашылығы жануарлары арасында кең таралған көптеген аурулардың алдын алудың ең тиімді жолы — вакцинация.

Қазақстанда ауыл шаруашылығы жануарларын Аусыл мен Пастереллез ауруларына қарсы вакцинациялау мемлекеттік бюджет есебінен жүргізіледі
— Ірі қара малды (ІҚМ) вакцинациялау жыл сайын жануарлардың аса қауіпті ауруларының алдын алу жөніндегі ветеринариялық іс-шаралар жоспарына сәйкес жүргізіледі, — делінген ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің қаулысында.
Соның ішінде мал пастереллез бен аусылға қарсы да егіледі. Алайда бұл жеткілікті ме?
— Жалпы алғанда — иә, егер вакцинация тұрақты жүргізіліп, барлық мал басын қамтыса. Вакцина 100% кепілдік бермейді, бірақ аурудың таралу қаупін айтарлықтай төмендетіп, оның өтуін жеңілдетеді. Дегенмен бір ғана вакцинация жеткіліксіз екенін түсіну керек. Егер биологиялық қауіпсіздік талаптары бұзылса, мысалы, жұқтырылған мал әкелінсе немесе карантин шаралары сақталмаса, тіпті егілген мал да қауіпке ұшырауы мүмкін, — дейді ветеринар дәрігер.
Көрші елдегі жағдайға байланысты шекарада шектеулер енгізілген. Бұл туралы «Курсив» басылымының сауалына жауап берген ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі хабарлады.
— Ресей Федерациясының жекелеген өңірлеріндегі күрделі эпизоотиялық ахуалға байланысты, Қазақстан Республикасының аумағында эпизоотиялық тұрақтылықты қамтамасыз ету және аса қауіпті жануарлар ауруларының енуіне жол бермеу мақсатында ҚР АШМ Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті тірі жануарларды, мал шаруашылығы өнімдерін, сондай-ақ термиялық өңдеуден өтпеген жем-шөп пен жемдік қоспаларды әкелу мен транзиттеуге уақытша шектеулерді кезең-кезеңімен енгізді, — делінген ведомство жауабында.
Қазіргі таңда шекарадағы ветеринариялық бақылау бекеттері күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр. Бұл ақпаратты «ТоболИнфо» басылымына облыстық ведомство да растады.

Ревакцинация алты айға толғанға дейін әр үш ай сайын жүргізіледі
— Қостанай облысы бойынша басқа мемлекеттерден жануарлар аурулары мен қауіпті өнімдердің әкелінуіне жол бермеу мақсатында тәулік бойы 6 ветеринариялық бақылау-өткізу пункті (ВБӨП) тұрақты жұмыс істейді, Ресей Федерациясының Челябі облысымен шекарада — «Қайрақ», «Аят» және «Желқуар», Қорған облысымен шекарада — «Ұбаған» және «Ақбалық», Орынбор облысымен шекарада — «Қондыбай». Аталған бекеттерде күн сайын құжаттық және физикалық (тексеру) ветеринариялық бақылау жүзеге асырылады, — деп түсіндірді облыстық мекеме «ТИ» сауалына берген жауабында.
ОБЛЫС ІШІНДЕ
Қазақстандық фермерлер шекаралас өңірлерде «сібірлік сценарийдің» қайталануынан қауіптенеді. Оның ішінде Қостанай облысы да бар. Ал қазіргі жағдай қандай?

ҚР АШМ Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің Қостанай облыстық аумақтық инспекциясының мәліметінше, соңғы 10 жылда (2016-2026 жж.) облыс аумағында ауыл шаруашылығы жануарлары арасында аусыл ауруы тіркелмеген.
— 2022 жылы дифференциалдық диагностика мақсатында ауыл шаруашылығы жануарларынан биоматериал үлгілері алынып, Астана қаласындағы «Ұлттық ветеринария референттік орталығы» РМК-да зерттелді. Зертхана нәтижелері теріс болды, — деп нақтылады ведомство.
Айта кету керек, 2023 жылы облыста аусылдың таралуы туралы ақпарат тарағанымен, ол расталмаған.
— Қостанай облысында аусылдың алдын алу үшін 2022 жылы 2,8 млн доза вакцина бөлінді (ІҚМ — 1,3 млн доза, ұсақ мал — 1,2 млн доза, шошқа — 355 мың доза). Бұл өңірдің қажеттілігін толық қамтамасыз етеді, — деп хабарлаған еді сол кезде министрлік.
Қазіргі уақытта да жыл сайын аусылға қарсы вакцинацияға осындай көлемде қаражат бөлініп, екпе жұмыстары жоспарға сәйкес, жыл басында жүргізіледі.
Қостанай қаласында және оған қарасты тұрғын алаптарда вакцинация ақпан айының соңында өткізілді. Екпе жұмыстары тұяқты жануарларды қамтиды, ірі қара мал, ұсақ мал және шошқалар.

Шоқан Тасмағамбетов: «Жалпы, Қостанайда бір жылға ересек малдың 650 басын вакцинациялау жоспарланған»
— Жылдық жоспар бойынша жалпы 650 бас ересек малды вакцинациялау көзделген, оның 250 басы бірінші жартыжылдыққа тиесілі. Аусылға қарсы вакцинаны қолдану жөніндегі нұсқаулыққа сәйкес, жануарларды үш айлық жасынан бастап егеді. Алты айға дейін әр үш ай сайын ревакцинация жүргізіледі, одан кейін белгіленген схема бойынша жалғасады. 18 айдан кейін мал ересек саналып, жылына бір рет вакцинация жасалады, — деп хабарлады Қостанай облыстық ветеринария басқармасының өкілі Шоқан Тасмағамбетов.
Ведомство қызметкерлері үй аулаларын аралап, жеке қосалқы шаруашылықтардағы малды да вакцинациялап жүр. Бұл жұмыстар мемлекеттік бюджет есебінен жүргізіледі.

Федоров ауданындағы фермерлер жем-шөпті өздері дайындайды, сондай-ақ көршілес аудандардан сатып алады
Осындай жағдай аудандарда да байқалады. Мәселен, «ТИ» тілшілері шекараға жақын орналасқан Федоров ауданында болды. Онда аусылға қарсы вакцинация жұмыстары толық аяқталған.

Нұрлан Қыстаубаев: «Шекара маңындағы аудандарда жағдай тұрақты»
— Вакцинация эпизоотияға қарсы іс-шаралар жоспарына сәйкес қатаң түрде жүргізіледі. Қазір мамандар аулаларды аралап жүр — мал әлі қорада, жайылымға сәуірдің соңы мен мамырдың басында ғана шығарылады. Бүгінгі таңда бірқатар ауруларға қарсы вакцинация аяқталды, қалғаны жоспар бойынша жүргізілуде. Сонымен қатар наурыз айына жоспарланған қан алу жұмыстары да іс жүзінде аяқталды, — дейді «Федоров ауданының ветеринариялық станциясы» КМК басшысы Нұрлан Қыстаубаев.
Оның айтуынша, қазіргі уақытта ауданда жұқпалы аурулар тіркелмеген, аса қауіпті дерттер анықталмаған.
— Ресейдегі жағдайды бақылап отырмыз, бірақ әзірге алаңдауға негіз жоқ. Дегенмен ресми себеп пастереллез деп айтылғанымен, неге жаппай мал сою жүргізіліп жатқаны бізге де түсініксіз. Себебі бұл ауру ауыл шаруашылығы жануарларында емделеді, — дейді ауыл ветеринарлары.
Айта кетейік, Федоров ауданында шамамен 24 мың бас ірі қара, 14 мыңға жуық ұсақ мал, 5 мыңға тарта жылқы және 3 мыңдай шошқа бар.
Ауылдық жерлерде жеке тұрғындардың да малы бар. Әдетте олар малды өз қажеттілігі үшін ұстап, артығын сатылымға шығарады. Дегенмен мал иелері вирустық қауіптер туралы хабардар.

Бекхан Чемурзиев: «Жайылым болмаса, малды сатуға тура келеді»
— Мамандар келіп, барлық жұмыстарды жүргізеді, қан алады. Қазір ауру көп, сондықтан бәрі бақылауда болғаны жақсы. Вакцинадан кейін өзіміз де тыныш боламыз, — дейді жеке шаруашылық иесі Бекхан Чемурзиев.
Облыстық басқарма мәліметінше, вакцинация сәтті өтуде. Мал иелері ынтымақтастық танытып, жануарлар уақытында егіліп жатыр, бұл оң нәтижеге үміт береді.
— Облыста бірінші жартыжылдыққа арналған аусылға қарсы вакцина қоры жеткілікті. Зертханалар диагностика құралдарымен қамтамасыз етілген, қажет болған жағдайда зерттеулер Астанадағы ұлттық референттік орталықта жүргізіледі. Аурудың алдын алу және таралуына жол бермеу үшін кешенді жоспар әзірленген, — деп сендірді аумақтық комиссия.
ҚАЗАҚСТАННЫҢ ТӘЖІРИБЕСІ
2021 жылдың соңы мен 2022 жылдың басында Қазақстан билігі Қарағанды облысында аусыл ауруы тіркелгенін ресми түрде мәлімдеген болатын.

Қарағандыда аусыл ошағы тез сөндірілді \\ «Хабар 24» репортажынан скриншот, 2022 ж.
— Соңғы 10 жылда Қарағанды облысында аусылдың бір ошағы тіркелді. 2021 жылдың желтоқсан айының соңында Шет ауданының Киікті ауылдық округінде ірі қара малдың ауруы туралы хабар келіп түсті. Зертханалық талдаулар нәтижесінде «аусыл» диагнозы расталды, — деп хабарлады облыстық ветеринария басқармасы.
Ауру анықталғаннан кейін ауылда карантин енгізіліп, індет ошағы оқшауланып, толық жойылды.
— Жою жұмыстары арнайы техника — ірі көлемді өртейтін пеші бар автокөлік арқылы жүргізілді. Барлығы 25 бас ірі қара жойылды. Мал иесіне республикалық бюджеттен 8 млн теңге көлемінде өтемақы төленді. Сондай-ақ 300 шаршы метр аумақта дезинфекция жұмыстары жүргізілді, — деп нақтылады ведомство.
Оқшаулау және жою шаралары аяқталған соң карантин алынды. Аусылдың қауіптілігі мен жұқпалылығына байланысты кейін облыста жарты миллиардтан астам малды вакцинациялауға бюджеттен қаражат бөлінді.
Бір қарағанда, бұл — нақты әрі тиімді әрекет, індет ошағы анықталды, оқшауланды, жойылды және өтемақы төленді. Алайда сол жылдары республикалық басылымдарда жарияланған мақалалар қазіргі Ресейдегі жағдайға ұқсас көріністі сипаттайды.
Мәселен, El Dala басылымындағы «Қазақстандық мал аусылдан қырылуда» атты мақалада жергілікті билік «таза аймақ» мәртебесін жоғалтпау үшін ауруды жасыруы мүмкін деген пікірлер келтірілген. Ақырында, мал ауруы туралы ақпарат Қазақстан өнімдерін импорттайтын көрші елдерге жеткен соң, ауруды ресми түрде мойындауға тура келгені айтылған.
Айта кету керек, 2026 жылы Қазақстан Дүниежүзілік жануарлар денсаулығы ұйымының аудитінен өтіп, бүкіл ел аумағында аусылдан таза аймақ мәртебесін алуды жоспарлап отыр. Бұл ел үшін азық-түлік экспортын кеңейтуге жаңа мүмкіндіктер ашады.
Алайда осы жағдайды ескере отырып, егер Қазақстанда аусыл тіркелсе, бұл туралы ақпарат тағы да жасырын қалуы мүмкін бе деген сұрақ туындайды.
МАЛ БАСЫНЫҢ ҚЫСҚАРУЫ
Ресейде таралып жатқан нұсқалардың бірі — малды жаппай тәркілеудің себебі ірі ет өндірушілердің мүддесімен байланысты деген пікір. Яғни нарықтағы бәсекелестерді әдейі жою туралы болжам бар.

Вакцинациядан кейін мал міндетті түрде чиптеледі
Қазақстанда, нақтырақ айтқанда Қостанай облысында, мал басының азаюы індетсіз-ақ байқалып отыр.
Мал саны қалада да, ауылда да қысқаруда. Мысалы, облыс орталығында 2022 жылы ауыл шаруашылығы жануарларын ұстайтын 248 аула тіркелсе, 2023 жылы да сол көрсеткіш сақталған. Ал 2024 жылы олардың саны 105-ке дейін азайып, 2025 жылы небәрі 95 аула ғана қалған.
— Мұндай қысқарудың негізгі себептері — мал мен құсты жеке қажеттілікке сою немесе сату, сондай-ақ жеке сектордағы құрылыс жұмыстарының көбеюі, — деп хабарлады Қостанай қаласының кәсіпкерлік, ауыл шаруашылығы және ветеринария бөлімі.
Алайда ауылдағы жағдай біршама өзгеше. Бекхан Чемурзиев малды бизнес үшін емес, өз қажетіне қарай өсіреді. Соған қарамастан қиындықтар жоқ емес.
— Бізде он бір сиыр бар. Басқа мал ұстамаймыз, тек тауық пен ит бар. Қой жоқ, шаруашылық негізінен өзіміз үшін. Жем-шөпті жергілікті тұрғындардан аламыз, көбіне көрші ауылдардан шөп сатып аламыз. Жазда малды мамырдан қарашаға дейін жайылымға шығарамыз, қазір қорада тұр, — дейді ол.
Жергілікті ветеринариялық станция мамандарының айтуынша, бір аула үшін 12 сиыр — көп саналады.
— Әдетте адамдар бір-екі сиыр ұстап, сүт алады, ал бұзауларды ертерек сатып жібереді. Мал бағу қымбатқа түседі, ал аз малды жазда асырау аса қиын емес, — дейді ветеринар дәрігер.
Өткен жылы бір бас мал үшін бақташы айына шамамен 6 мың теңге алған. Биыл мұндай мүмкіндік мүлде болмауы да мүмкін
— Бақташы не көшіп кетейін деп жүр, не жұмыс істегісі келмейді. Айлығы 600 мың теңгеге дейін жететін еді, түскі асын да далаға апарып беретінбіз, тек жұмыс істесе болды деп. Бірақ бәрібір келіспеді. Айтуынша, Қарабалықта жағдайы жақсырақ ұсыныс алған, — дейді Чемурзиев.
Оның айтуынша, егер мал жаятын адам табылмаса, малын сатуға мәжбүр болады. Қазірдің өзінде Қарабалықтан сатып алушы шығып, мамыр айында түгел алып кетуге дайын отыр — бәрі бақташының мәселесіне байланысты.
Осылайша, бір жағынан жеке шаруашылықтардағы мал басы азайып жатыр, ал екінші жағынан негізгі экспорттаушы елдердің бірінде індет таралып, шектеулер енгізілуде. Бұл жағдайдың қандай салдарға әкелетіні әзірге белгісіз. Ет бағасы өседі ме, әлде тапшылық туындай ма — оны уақыт көрсетеді. Егер Қазақстан аумағында аусыл анықталса, билік қандай шара қабылдайды? Ел биыл-ақ осы аурудан таза аймақ мәртебесін ала ала ма? Бұл — ауыл шаруашылығы саласының болашағына тікелей әсер ететін маңызды сұрақтар.
ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙҒА ДАЙЫНДЫҚ
Қостанай облысында барлығы 191 мал қорымы бар. Оның 187-сі қарапайым, 4-еуі типтік үлгіде салынған. Қазіргі таңда 5 нысан жұмыс істемейді. Қалғандарын ветеринариялық-санитариялық талаптарға сәйкестендіру жұмыстары жүргізілуде.
Қолданыстағы мал қорымдарының сыйымдылығы нақты есепке алынбаған. Сонымен қатар облыс аудандарында биологиялық қалдықтарды жоюға арналған 20 жылжымалы және 6 стационарлық инсинератор бар. Қажет болған жағдайда Астанадағы республикалық эпизоотияға қарсы жасақтың қуатты Hurikan инсинераторлары да тартылуы мүмкін — оларды елдің кез келген өңіріне жедел жеткізуге болады.
Жануарлардың жаппай қырылуы жағдайында (табиғи апаттар немесе індет кезінде) өлекселерді арнайы жабдықталған орларда өртеу әдісі қолданылуы мүмкін.
Соңғы 10 жылда облыста мал қорымдарының жетіспеушілігі тіркелмеген. Аудан және қала әкімдіктері арнайы комиссиялар құрып, бұл нысандарға тексеріс жүргізіп, олардың жағдайын тұрақты бақылауда ұстап отыр.
«Бұл жарияланым Еуропалық Одақтың «CARAVAN, Шынайы тарихтар арқылы аудиторияның тұрақтылығын арттыру» жобасы аясында Internews ұйымымен қаржыландырылды. Жарияланым мазмұны үшін жауапкершілік толықтай «ТоболИнфо» ақпарат агенттігіне жүктеледі және ол Еуропалық Одақ пен Internews ұйымының көзқарасын міндетті түрде білдірмейді».
Асхат НУРТАЗИН, Александра ГОЛОВКО, суреттерді түсірген Ларисы БОЖКО, инфографиканы жасаған Максат КАНАПЬЯНОВ

































