Амангелді ауылындағы тұрғын үйлерді су басу сәті түсірілген видео біздің редакциямызға келіп түсті. Алайда, Амангелді ауданының әкімдігі бұл ақпаратты жоққа шығарды.
«Амангелді ауданы әкімдігінің мәліметінше, әлеуметтік желілерде тараған ауылдағы үйлерді су басу туралы видео шындыққа сәйкес келмейді. Қазіргі таңда тұрғын үйлердің су астында қалу фактілері тіркелмеген. Жарияланған видео өткен жылғы жағдайды көрсетеді және бүгінгі ахуалды бейнелемейді», – делінген ресми хабарламада.
Әкімдік сондай-ақ ауданда қар тазалау, суды сору, инертті материал төсеу және бөгеу жұмыстарын жүргізіп жатқанын хабарлады.
Айта кету керек, біздің тілшіміз Амангелді ауылының тұрғындарымен байланысқанда олар басқа ақпарат берген болатын. Біздің редакциямызда азаматтармен хат алмасу сақталды.
Осылайша, қарама-қайшылық туындап отыр, ресми органдар бір мәлімет берсе, жергілікті тұрғындар мүлде басқа жағдайды сипаттауда.
Айя ЖАРЫЛКАСЫНОВА